Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БҚО-да жергілікті тұрғынды балағаттаған ауыл әкімі жауапқа тартылды

Жарияланған күні:

Костюмдегі ер адам
Шенеунік. Көрнекі фото: pexels.com

БҚО-да ауылдасын балағаттан шенеунік сөгіс алды. Іс әдеп бойынша кеңес отырысында қаралған, деп жазады "Мой город" жергілікті басылымы.

Отырыс 17 қазан күні Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылының әкімі Жамбыл Дабысқалиевке қатысты өткен.

Онда әкімге Есқалиев есімді ауыл тұрғыны арыз түсіргені айтылған. Анықталғандай, 1 қыркүйек күні олардың арасында жанжал туындап, әкім тұрғынды балағаттаған. Шенеунік өз кінәсін жоққа шығарған жоқ.

"Маған ауылда шөп тиелген жүк көлігі жүргенін хабарлады. Осыған дейін ауыл тұрғындары жаңа асфальтті бүлдірмеу үшін менен жүк көлігінің қозғалысына тыйым салуды сұраған еді. Біз тіпті шлагбаум мен жол белгілерін қойдық. Жүк көліктері үшін айналып өтетін жол жасадық. Соған қарамастан жүк көлігі ауылға кірген. Олардың малға жем әкеліп, бар болғаны 7 мың теңгеден сатқанын анықтадық.

Ол ауыл тұрғындарына тиімді болған. Бірақ бұл жағдай шөп сататын Есқалиевке ұнамайтын болып шықты. Ол ауылға шөп әкеле жатқанын ауылға қалай болса да кіретінін айтты. Мен оған айналма жолмен өтуді ұсындым.

Есқалиевті бала күнімнен білемін, біз бірге өстік. Бірақ ол балағат сөздер айта бастады. Бұл жағдайға он шақты ауыл тұрғыны куәгер болды. Мен де шыдамай, оны балағаттап жібердім. Өз кінәмді мойындаймын", - деді Дабысқалиев.

Оның мәлімдемесінен кейін кеңес мүшелері мемлекеттік қызметкер кез келген жағдайда өз эмоциясын сақтап, арандатуға жол бермеуі керек екенін атап өтті. Олардың пікірінше, бұл жағдайда әкім құқыққорғау органдарына жүгінуі қажет еді.

Осылайша, кеңес Жамбыл Дабысқалиевті сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2175659-bqo-da-zhergilikti-turgyndy-balagattagan-auyl-akimi-zhauapqa-tartyldy/