СҚО-да балалардың өліміне себеп болған улану дерегі: медбикеге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жарияланған күні:
Читать на русскомСолтүстік Қазақстан облысында 3 жасар және 7 жасар балалардың өліміне әкелген уланудан кейін медбикеге қатысты қылмыстық іс қозғалды. СҚО полиция департаменті мәліметінше, медициналық қызметкер қызметтік міндеттерін тиісінше орындамады деп айыпталып отыр, деп хабарлайды Petropavlovsk.news басылымы.
Аймақтық басылым мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында балалардың өліміне әкеліп соқтырған улануға қатысты қылмыс құрамының жоқтығынан санитарлық ережелерді бұзу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аяқталды.
Сондай-ақ медицина қызметкерінің екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы бабы бойынша да жаңадан тергеу басталды.
Аталған факт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне "Абайсызда адамдардың жаппай улануына және абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзу" бабы бойынша тіркелді. Алайда іс қылмыс құрамның болмауына байланысты тоқтаған.
"Аталған қылмыстық іс бойынша материалдар жеке өндіріске жіберіліп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабының 4-бөлігі "Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды", - делінген Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Надежка ауылында бір отбасы тамақтан уланып қалғанын жазған едік. Ауыл дүкенінен тамақ алған отбасы кешкі ас дайындап, артынша жатып қалған. Туыстарының айтуынша, алдымен кішкентай сәби құса бастаған. Артынша қалған екі баланың хәлі нашарлаған.
Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын отбасының ауылдық дүкеннен өңделген тағамдар жеп, газдалған сусын ішкені атап өтілді.
Кейінірек санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде уланудан екі баланың өлімінің мән-жайы мен жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстары айтылды.
Шілде айының басында облыстық полицейлер балалардың улану себебін нитриттен жедел улану деп анықтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2177645-sqo-da-balalardyng-olimine-sebep-bolgan-ulanu-deregi-medbikege-qatysty-qylmystyq-is-qozgaldy/