Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

XXI ғасырдағы таңбалама: технология дамыған заманда сапаны бақылау не үшін маңызды

Жарияланған күні:

Консервіленген
Көрнекі фото: pixabay.com

Технология ғасырында кез келген өнім туралы барлық ақпаратты ғаламтордан-ақ табуға болатын сияқты. Дегенмен, цифрлық шешімдердің қарқынды дамуына қарамастан, тұтыну тауарларын тексерудің дәстүрлі әдістері өзекті болып қала береді, өйткені біз тек сапа туралы ғана емес, сонымен қатар, қауіпсіздік, мысалы, азық-түліктік өнімдер туралы айтып отырмыз, деп хабарлайды "MOТҚҚҚ" ҚБ.

Заманауи технологиялар тауарларды сатып алуды және сатуды жеңілдеткенімен, бірақ қауіпсіздік пен таңбаламаға қатысты классикалық талап тұтынушылардың сенімі мен бизнестің табысты болуы үшін маңызды болып қала береді. Қазақстандық әрбір тұтынушы дүкен сөрелеріндегі өнімдер біздің заңнамада белгіленген қатаң стандарттарға сәйкес келетініне сенімді болуы маңызды.

2024 жылдың маусым айында Атырауда "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің ("MOТҚҚҚ" ҚБ) өкілі жасырын сатып алушы әдісімен бірнеше өнім сатып алды. Себетке танымал ет консервілері: ресейлік өндірушілердің Сиыр етінен жасалған "Халяль" (0,325 кг) бұқтырылған еті салынды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Атырау облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК алдын ала қол жеткізілген ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес өнімдер Кеден (Еуразиялық экономикалық) одағының (КО 021/2011 ТР, 022/2011 және ЕАЭС 034/2013) техникалық регламенттеріне сәйкестігіне кешенді тексеру жүргізу үшін аккредиттелген зертханаға тапсырылды.

Ашылған бос консерві
Көрнекі фото: ru.freepik.com

Зертханалық сынақтардың нәтижелері көңіл көншітерлік болды: өнім молекулалық-генетикалық сынақтардан сәтті өтті, доңыздың ДНҚ-сы анықталмады. Бұл өнім "Халал" стандарттарына иек артатын мұсылмандар үшін, "Халал" ретінде сертификатталған өнімдер үшін өте маңызды.

Алайда таңбаламаны тексере келе бір мәселе анықталды: мемлекеттік тіл – қазақ тілінде ақпарат жоқ. Өнім қауіпсіздік стандарттарына сай болса да, қазақ тіліндегі таңбаламаның болмауы КО 022/2011 ТР талаптарын және Қазақстан Республикасындағы "Тіл туралы" заңды бұзу болып табылады.

Мобильді қосымшалар мен онлайн платформалар сияқты заманауи технологиялар тұтынушылардың өмірін расында да жеңілдетеді. Дегенмен, дүкен сөрелеріндегі өнімдер әлі де барлық талаптарға, соның ішінде дұрыс таңбаламаға жауап беруі керек екенін есте ұстаған жөн. Ал іс жүзінде әрбір сатып алушының ғаламтордағы ақпаратты тексеруге мүмкіндігі немесе қалауы бола бермейді. Әсіресе, онлайн ресурстарға қолжеткізу шектелуі мүмкін аймақтарда.

"Таңбалама – өнім қауіпсіздігінің негізгі элементі. Мемлекеттік тілдегі аудармасының болмауы – болмашы ғана кемшілік емес, ол үлкен қателік. Таңбалама баршаға түсінікті болуы және ақпараттың екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде берілуі маңызды", - деді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшы Алия Алибекова.

Басқа елдерден өнім әкелу кезінде кәсіпкерлер таңбаламаны Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына бейімдеуді "ұмытып" кететін жағдайлар жиі кездеседі. Бірақ тұтынушылар мұндай олқылықтардан зардап шекпеуі керек. Ереже – бұл ереже, ал Қазақстан Республикасының "Тіл туралы" заңында: таңбалама импорттаушылардың қаражаты есебінен қазақ және орыс тілдеріне аударылуы тиіс екендігі нақты көрсетілген.

Кәсіпкерлер үшін таңбалама талаптарын сақтау тек заңды міндет қана емес, сонымен қатар тұтынушы сенімінің элементі екенін түсіну маңызды. Қазақстан нарығындағы заманауи бәсекелестік жағдайында сөрелерде шетелдік тауарлар көбейіп жатқанда, дұрыс таңбалама табысты өткізудің кепілі бола алады.

Сарапшы Алия Алибекова кәсіпкерлерге тәжірибелік кеңесін ұсынады:

  • Заңды сақтау. Тұтынушылар өнімдер туралы ақпаратты екі тілде алуға құқылы.
  • Жеткізушілерді үнемі тексеріп отырыңыз. Сіз ұсынатын өнімдер Техникалық регламент талаптарына сәйкес келетініне көз жеткізіңіз.
  • Сертификаттауды ұмытпаңыз. Өнім өндіруші елде сертификатталған болса да, бұл оның Кедендік одақ талаптарына сәйкестігіне кепілдік бермейді.

XXI ғасырда да тұтынушылар не сатып алатынына мұқият болғаны жөн. Өнімді тексерудің дәстүрлі әдістері заманауи технологияға қарамастан маңызды болып қала береді. Мұнда тұтынушыларға өз өнімдерінің қауіпсіз екеніне сенімді болуына көмектесетін бірнеше қарапайым ұсынымдар берілген:

  • Жапсырманы мұқият оқып шығыңыз. Егер сіз қазақ және орыс тілдеріндегі ақпаратты көрмесеңіз, бұл өнімнің стандарттарға сәйкестігі туралы ойлануға негіз болады.
  • Жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарын тексеріңіз. Көбінесе бұл мәліметтер бұзушылықтармен көрсетіледі.
  • Қолда бар ресурстарды пайдаланыңыз. Егер күмәніңіз болса, өнімдердің түпнұсқалығын тексеруге көмектесетін сайттар мен қосымшаларға жүгінуге болады.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жобасы аясында осы материалды дайындаған "МОТҚҚҚ" ҚБ тұтынушылардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік органдардың міндеті және азаматтардың өздері де бұл мәселеде жауапты екенін еске салады.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша Instagram OZPP.KZ сілтемесі – https://www.instagram.com/ozpp.kz/ немесе 87054222739 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2179436-xxi-gasyrdagy-tangbalama-tehnologiia-damygan-zamanda-sapany-baqylau-ne-ushin-mangyzdy/