"Әскери борышын өтемеу үшін салық төлей алады": қазақстандық депутат Түркия тәжірибесін енгізу туралы ұсыныс айтты
Жарияланған күні:
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Руслан Берденов Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдиновке әскери борышын өтегісі келмейтін азаматтарға салық салатын Түркия елінің тәжірибесін Қазақстанға енгізуге қатысты сұрақ қойды. Депутаттың айтуынша, түскен салыққа арнайы әскери курстар ұйымдастыруға болады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов бүгін мәжілісте "Қазақстан республикасының "Аумақтық қорғаныс туралы" негізгі заң жобасын депутаттар назарына ұсынды. Содан кейін министрлік өкілі депутаттардың әскерге қатысты сауалына жауап берді.
Мәселен депутат Руслан Берденов Қазақстан әскеріне Түркия тәжірибесін енгізуге қатысты сұрақ қойды. Депутат алдымен әлем әскерінің рейтиінгін шығаратын Global Firepower кестесінде Қазақстан біршама көтерілгенін айта келе, ел әскеріндегі әлімжеттік, өлім оқиғалары тыйылмай тұрғанын сөз етті. Депутат министрлік өкіліне Түркия тәжірибесін қолдану жайлы ұсыныс тастады.
"Global Firepower жыл сайын 145 елдің әскерін 50-ден астам параметр бойынша бағалайтын әлем әскерінің рейтингін шығарады. Сол рейтингте биыл біз сәл болса да көтеріліппіз, бірақ әскердегі инфрақұрылым, зорлық-зомбылық және өлім жайттары тек өсіп жатыр. Осыған байланысты сұрағым – неге біз Түркия тәжірибесін қолданбаймыз? Түркияда азаматтар әскери борышын өтемеу үшін салық төлей алады. Салықтың көлемі жыл сайын 30-40 млн долларға жетеді. Сол салыққа инфрақұрылым жөнделеді және салық төлеген азаматтар мемлекеттік органдарда, атап айтқанда, қорғаныс министрлігінде үш-төрт айлық курсатан өтеді. Жалпы біздің азаматтар қару-жарақты айтпай-ақ қояйын, көбі әскери жағдай бола қалатын болса, қолына күрек алып окоп қаза алмайды. Осы жайлы қандай да бір ойларыңыз бар ма?", - деп сұрақ қойды мәжіліс депутаты.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары бұл сұрақ бүгін ұсынылған заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес келмейтінін айтты.
"Бірақ біз қазір іздеп жүрміз, әртүрлі нұсқа қарастырып жатырмыз. Бүгінгі заң жобасы да әскерилердің жауынгерлік дайындығын, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір жолы деп айта аламыз", - деді қорғаныс министрінің бірінші орынбасары.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2180730-askeri-boryshyn-otemeu-ushin-salyq-tolei-alady-mazhilis-deputaty-qazaqstanga-turkiia-tazhiribesin-engizu-turaly-usynys-aitty/