"Ертіс көтеріліп, үйлерді су шайып кету қаупі бар": ШҚО-да ауыл тұрғындары дабыл қақты (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русскомШҚО-да Прапорщиков ауылының тұрғындары тағы да дабыл қағып, нөсерден кейін Ертіс көтеріліп, үйлерін, бақшаларын су шайып кетеді деп қорқып отырғанын жеткізді. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, қауіпті аймақта он үй бар. Биыл көктемде су тасқынынан кейін мұндағы үйлерді су шайып кеткен. Кейбір ауыл тұрғындарының қоралары опырылып құлаған. Тұрғын үйлерге де қауіп төнді. Енді су қайтадан жағаға жақындады.
Мұнда экскаватор жұмыс істеп жатыр, соның салдарынан өзен арнасы өзгеріп, су ғимараттарға жақындаған көрінеді. Жергілікті тұрғындар құрылысшылардан жұмысты тездетіп бітіруді сұрайды.
"Менде жыл сайын 10 метр жерді су шайып кетеді. Бақшам 18 сотық болған, ауласы да болған. Бақшаның артында жағаға дейін 10 метр болатын", - деп шағымданды ауыл тұрғыны Нина Ефимова.
Құрылысшылар биыл барлық жұмысты аяқтау үшін тағы бірнеше жер асты сүзгісіне тапсырыс бергенін айтты. Кейін су Ертіске құйылатынын айтады.
Жұмыс жағалаудағы Прапорщиков ауылынан суды бұрып, ондаған жергілікті тұрғындардың үйлерін құлаудан сақтайды. Ал әзірге төтенше жағдайдың алдын алу үшін жергілікті билік жағалау сызығын қоршап, құтқару бекетін орнатқан.
"Ең бастысы, Ертіс түбін тереңдету, бекіту және негізгі су арнасын бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Шығыс Қазақстан облысы Глубоковский ауданы әкімінің орынбасары Аян Макиев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2180945-ertis-koterilip-uilerdi-su-shaiyp-ketu-qaupi-bar-shqo-da-auyl-turgyndary-dabyl-qaqty-video/