Бас прокуратура өкілі депутаттың "Алтын Орда" базарына қатысты айтқан мәлімдемесіне түсінік берді
Жарияланған күні:
Читать на русскомБас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев сенат кулуарында жуырда мәжіліс депутатының Алматы бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерінің "Алтын Орда" базарын басып алғаны жөніндегі мәлімдемесіне пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бұған дейін депутат Абзал Құспан мәжілісте осы жайт туралы сауал жолдаған.
"2022 жылы президент Алматы әкімі мен Алматы облысының әкіміне "Алтын Орда" базарында тәртіп орнатуды тапсырған еді. Әкімдердің, шын мәнінде, бұған құзыры жоқ. Олар қазір тендердің нәтижесіне еш ықпал ете алмайды. Бүгінде бар билік құқық қорғау органдарының қолына шоғырланған. Президент тапсырма бергеннен кейін Алматы бойынша экономикалық тергеу департаменті қылмыстық іс қозғайды және екі ай ішінде осы істі тергеп жатқан Экономикалық тергеу департаменті басшылығы иемденіп алады.
Бұған дейін билік Болат Назарбаевты "Алтын Орда" базарын басып алды деп айыптаған болса, оны тергеу барысында тәртіп сақшылары өздері алып, иемденіп алған (...) Бір тәуліктің ішінде тергеуші тыйым салудан шығарып алады да, осы сәтте басшылық өз атына жазып алады. Сонда осы уақытқа дейін Болат Назарбаевты кінәлап келсек, енді Алматы бойынша экономикалық тергеу департаменті басшылығын кінәлауға болады", - деді депутат.
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бұл факт бойынша тексеру жүргізілгенін атап өтті.
"Алтын Орда" базарына, атап айтқанда оны Алматы бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері басып алуы мәселесі бойынша тергеу жүргізілді. Алайда рейдерлік басып алуға қатысты әрекеттер расталған жоқ. Мен тергеу аясында болған сәттерді негізге алып отырмын", - деді бас прокурордың орынбасары.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2181126-bas-prokuratura-okili-deputattyng-altyn-orda-bazaryna-qatysty-aitqan-malimdemesine-tusinik-berdi/