"Бар күшімізді салып жатырмыз": Бас прокуратура өкілі Қытайда өмір бойына сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі туралы айтты
Жарияланған күні:
Читать на русскомСенат кулуарында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Қытайда сотталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару мәселесінде қандай да бір өзгеріс бар ма деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне келсек, біз Қазақстан азаматын Қытайдан қайтару үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, бар күшімізді салып жатырмыз. Бұл жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Жұмыс белсенді түрде жүріп жатыр. Бұл мәселе жақын арада шешіледі деп сенемін", - деді бас прокурордың орынбасары.
Ғалымжан Қойгелдиев Ақжарқын Тұрлыбайдың өзі жазасын Қазақстанда өтеуге ниет білдіргенін айтты.
"Бізге оның жазасын елде өтеуді қалайтыны туралы мәлімдеме келіп түсті. Ол елге келіп, жазасын өтегісі келеді. Ол адвокатымен байланыста", - деп қосты спикер.
Айта кетейік, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды.
2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2181159-bar-kushimizdi-salyp-zhatyrmyz-bas-prokuratura-okili-qytaida-omir-boiyna-sottalgan-aqzharqyn-turlybaidyng-isi-turaly-aitty/