Талғардағы Шерзат Болат қазасы: қылмыстық іс бойынша қандай сараптамалар жүргізіліп жатқаны белгілі болды
Жарияланған күні:
Читать на русскомӘділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли ведомствода өткен брифингте Талғардағы Шерзат Болат өліміне қатысты іс бойынша қандай сараптамалар жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Талғат Уәли істі тергеуге байланысты Сот сараптамалары институты зерттеу жүргізіп жатқанын айтты.
"Бұл Ішкі істер министрлігінің құзыретіне жататындықтан егжей-тегжейін айта алмаймыз. Сот-медициналық сараптамаларға келсек, бес сараптама тағайындалды: мәйітке сараптама, өрттің шығу себептерін анықтауға бағытталған сараптама, фототехникалық сараптама, молекулярлық-генетикалық сараптама және биологиялық сараптама. Үш сараптама жасалып бітті, нәтижелері құқық қорғау органдарына берілді", - деді ол.
Журналистер сараптамада қандай да бір қару-жарақ бар-жоғын сұрады.
"Бізде ондай ақпарат жоқ, тергеуді жүргізіп жатқан органнан анықтаңыз", - деп кеңес берді Талғат Уәли.
Айта кетейік, бүгін мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Талғардағы Шерзат Болат қазасына қатысты қозғалған істі тергеу барысы жөнінде пікір білдіріп, марқұм болған жасөспірімнің әкесіне қатысты ешқандай қылмыстық іс жоқ екенін атап өтті.
Сондай-ақ бұған дейін Шерзат Болат өліміне қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша тергеліп жатқаны мәлім болған еді.
Талғардағы Шерзат Болат қазасы
Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.
Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.
Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.
Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.
12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.
Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.
Бұған дейін Талғар қаласының әкімі Бахыт Күрішбеков пен әкімнің орынбасары Матан Сағындық қызметінен босатылғаны хабарланған еді.
Айта кетейік, Талғардағы атышулы оқиға Шерзат Болаттың өлімінен кейін Талғар ауданында тағы бірнеше шенеунік жазаланғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2181309-talgardagy-sherzat-bolat-qazasy-qylmystyq-is-boiynsha-qandai-saraptamalar-zhurgizilip-zhatqany-belgili-boldy/