Теміртау тұрғыны итті бесінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберген: қылмыстық іс қозғалды
Жарияланған күні:
Теміртау тұрғыны жануарларға қатыгездік танытқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ол итті бесінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберді, деп хабарлайды Polisia.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның ақпараттық медиа-порталында жарияланған мәлімет бойынша, Теміртау полиция басқармасы Ескі қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері үй жануарына қатыгездік танытқан 46 жастағы ер адамды ұстаған.
"Ол бесінші қабатта орналасқан пәтердің терезесінен аулаға итті лақтырып жіберген. Соның салдарынан жануар жараланып, қозғала алмай қалған. Бұл оқиға көптеген куәгердің көзінше болған, олар полиция шақырып, соңында ит ветеринарлық клиникаға жеткізілді.
Ер адамның мас күйде болғаны анықталды. Ұсталған адам кінәсін мойындады", - делінген хабарламада.
Полицейлер бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Еске салсақ, Атырауда сот жануарға қатыгездікпен қарағаны үшін екі айыпталушының бас бостандығын алты айға шектеген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2181548-temirtau-turgyny-itti-besinshi-qabattyng-terezesinen-laqtyryp-zhibergen-qylmystyq-is-qozgaldy/