Louis Vuitton мен Gucci-дің қымбат cөмкелері енді Мақтааралда өсірілген мақтадан тігіледі
Жарияланған күні:
Түркістан облысында мақта шаруашылығын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін жоба іске асырылуда. Болашақ мақта агроөнеркәсіп кешенінің капсуласын салу рәсімі облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен "Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені" ЖШС директоры Сюй Цзенің қатысуымен өтті. Жоба құны 146,8 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды otyrar.kz.
Басылым мәліметіне сүйенсек, толық циклді тоқыма фабрикасында 11 цех жұмыс істемек— иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу. Өндіріс қуаттылығы жылына 13 мың тонна иірім жіп, 50 млн метр үй тоқымасын, 7 млн жиынтық төсек әбзелін құрайды. Сондай-ақ 2000-нан астам жұмыс орны құрылады.
Мақта-мата кластерін дамытуға бағытталған өндірістік кешеннің құрылысын Xinjiang Lihua (Group) Co., LTD жүргізеді.
Жобаның маңызды артықшылығы – компанияның Louis Vuitton және Gucci сияқты сән индустриясының алыптарымен тікелей ынтымақтастығы. Болашақта Made in Turkestan тігін жіптері мен маталары осы брендтерге сатылады.
Айта кетейік, 2023 жылы өңірде "Cotton Мақта" ЖШС мақта өңдеу зауытының жобасы іске қосылды. Кәсіпорын заманауи қытайлық жабдықтармен жабдықталған. Өткен жылы зауыт 40 мың тонна шитті мақта қабылдады.
Сонымен қатар Қытай мен Өзбекстан инвесторларының қатысуымен құны 223,5 млрд теңге болатын екі инвестициялық жоба іске асырылуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2181797-louis-vuitton-men-gucci-ding-qymbat-comkeleri-endi-maqtaaralda-osirilgen-maqtadan-tigiledi/