Ақтөбе облысында итке қатыгездік танытқан оқушы полиция есебіне қойылатын болды
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде жас баланың итті қорлап, пышақ сұққан сәті түсірілген бейнежазба тарады. Облыстық полиция департаменті өкілдері оқиға биыл мамыр айында болғанын анықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған видеода мойнына жіп байланған итті бірнеше адамның қорлап жатқанын байқауға болады. 4,34 минутқа созылған видеода тепкінің астында қалған иттің бірнеше жерінен пышақ сұғылғаны көрсетілген.
Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылында болған оқиғаға қатысты мектеп басшылығы түсінік берді. Олардың мәліметінше, бұзақылық жағдай каникул кезінде ауылдың сыртында видеоға түсірілген.
"Оқиғаның 25 мамырдан кейін жазғы каникул кезінде болғанын анықтадық. 9 сыныпта оқитын жасөспірім тәртібіне байланысты мектепшілік есепте тұрған оқушы. Психолог, әлеуметтік педогогпен үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Осы видеоны көргеннен кейін полицияға, білім бөліміне хабарлама жаздым. Полиция айналысып жатыр. Қасындағылар да анықталады деп айтты. Естуімше, бір оқушы қалғандары мектеп бітіріп кеткен балалар", - деді Кеңқияқ ауылының мектеп директоры Айнаш Бришева.
Полиция өкілдері оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралатынын айтты.
"Әлеуметтік желіге талдау жүргізу барысында жас баланың итті қорлап, пышақ сұққан бейнежазбасы анықталды. Тексеру барысында оқиға биыл мамырда Темір ауданының аумағында болғаны және жануарға қатігездік танытқан 9 сынып оқушысы екені анықталды. Оқушы өзінің ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр", - дейді ПД өкілдері.
Сонымен қатар оқиға аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында баланың ата-анасының қатысуымен қаралатын болды. Жасөспірім полицияның есебіне қойылады.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2181849-aqtobe-oblysynda-itke-qatygezdik-tanytqan-oqushy-politsiia-esebine-qoiylatyn-boldy/