"Сатып алып отырмыз": ақтаулықтар перзентхана мен балалар ауруханасында су жоқ деп шағымданды
Жарияланған күні:
Ақтаудағы перзентхана мен балалар жұқпалы аурулар ауруханасындағы пациенттер 2-3 күннен бері су жоқ деп шағымданды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым мәліметінше, Ақтаудың 1-шағын ауданындағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасы мен 26-шағын ауданындағы перинаталдық орталықта науқастар суық судың жоқтығын айтты.
Аталған медициналық мекемедегі пациенттердің айтуынша, су тоқтағанына екі күн болған. Су тапшылығы науқастарға күтім жасауды қиындатып жатыр.
"Ластанған киімдер үйіліп қалды. Тіпті шай ішетін су жоқ. Санитарлар су әкелу үшін бес литрлік бөтелкелерді пайдаланып жүр", - дейді тұрғындар.
Ал перинаталдық орталықта суық су үш күннен бері жоқ. Науқастардың айтуынша, ыстық судың түсі лайлы, қара түсті.
"27 қазанда ауыр босандым, маған және басқа әйелдерге гигиеналық процедуралар қажет. Қол жууға мүмкіндік жоқ. Суды дүкеннен өзіміз сатып алып отырмыз. Ал отадан кейін жаңа туған сәбиімен жатқан әйелдерге қалай болмақ", - дейді жас аналардың бірі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық аурухана бұл жағдай бойынша алдағы уақытта түсініктеме беретінін жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2182137-satyp-alyp-otyrmyz-aqtaulyqtar-perzenthana-men-balalar-auruhanasynda-su-zhoq-dep-shagymdandy/