Алматы облысындағы жер сілкінісі: білім басқармасы жаңа мәлімет жариялады
Жарияланған күні:
Алматы облысының Талғар және Есік қаласында 5 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 10.00-де 4 балдық жер сілкінісі тіркелді. Осыған байланысты осы қалалардағы мектептер мен балабақшаларда сабақ тоқтатылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы облысының білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстың барлық білім беру мекемелерінде төтенше жағдай, жер сілкінісі бойынша бірнеше рет оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілген.
"Төтенше жағдай кезінде әр білім беру мекемесінің басшысы тиісті алгоритм бойынша әрекет жасады. Барлық оқушы мен ересектер (педагогтер, техникалық қызметкерлер) бірден сыртқа, қауіпсіз аймаққа шығарылды.
Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Есік өңіріндегі 6 мектептің 6960 баласы және жақын ауылдардағы мектептер мен балабақшалардың балалары үйлеріне қайтарылды", - делінген хабарламада.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Талғар ауданында барлығы 42 мектеп бар. Соның ішінде Талғар қаласындағы 10 мектептің 12529 оқушысы және балабақша тәрбиеленушілері үйіне қайтарылған.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында жер сілкінгенін хабарлаған едік.
Кейіннен ТЖМ жер сілкінісі кезінде не істеу керек екенін айтты.
Төтенше жағдайлар министрлігі Telegram-дағы арнасында жер асты дүмпуінің сезілуіне қатысты мәлімет жариялады.
Жер сілкінісі ошағы Қазақстан аумағында Алматы қаласынан шығысқа қарай 33 км жерде орналасқан.
ТЖМ ақпаратынша, Алматы облысының Талғар қаласында қираулар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2183223-talgar-zhane-esik-qalasynda-zher-silkinisine-bailanysty-mektepter-men-balabaqshalarda-sabaq-toqtatyldy/