"Табиғи құбылыс": сейсмологтар Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты үндеу жасады (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русскомСейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындарына үндеу жасап, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-дағы арнасында Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының директорының Алматы мен Алматы облысы тұрғындарына арналған үндеуі жарияланды.
"Жер сілкінісінің ошағы Алматы облысының Талғар ауданы аумағында болды. Тұрғындарға 3-4 балдық жер сілкінісі сезілді. Бұл сейсмикалық жағдай – еліміздің жоғары сейсмикалық аймағында күнделікті болып тұратын табиғи құбылыс
Құрметті азаматтар, сіздерден тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуді сұраймыз", - деді Сәрсенбаев.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында жер сілкінгенін хабарлаған едік.
Кейіннен ТЖМ жер сілкінісі кезінде не істеу керек екенін айтты.
Төтенше жағдайлар министрлігі Telegram-дағы арнасында жер асты дүмпуінің сезілуіне қатысты мәлімет жариялады.
Жер сілкінісі ошағы Қазақстан аумағында Алматы қаласынан шығысқа қарай 33 км жерде орналасқан. Алматы облысының Талғар және Есік қаласында 5 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 10.00-де 4 балдық жер сілкінісі тіркелді.
ТЖМ ақпаратынша, Алматы облысының Талғар қаласында қираулар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде.
Жер сілкінісіне байланысты Алматы облысының білім басқармасының баспасөз қызметі Талғар және Есік қаласында осы қалалардағы мектептер мен балабақшаларда сабақ тоқтатылғанын мәлім етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2183240-tabigi-qubylys-seismologtar-almatydagy-zher-silkinisine-qatysty-undeu-zhasady-video/