Ақтөбе облысында 560 оқушы үш жыл бұрын апатты деп танылған мектепте оқып жүр
Жарияланған күні:
Шалқар ауданындағы Бозой ауылының оқушылары үш жыл бұрын апатты деп танылған мектепте оқуға мәжбүр. Аудан әкімі апатты деп танылған ғимараттың бір жақ басын жауып қойғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бозой ауылының оқушылары апатты жағдайдағы мектепте оқып жүр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммунакациялар орталығында 2024 жылдың 9 айындағы Шалқар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын баяндаған әкім Жанболат Жидеханов айтты.
"Апатты дегенде – құлап қалайын деп тұрған мектеп емес. Жарық пайда болған жағын босатып қойдық. Бір жақ қапталында жарық бар. Қазір бұрынғы интернат ғимаратында, мектепте екі ауысымда оқып жатыр. Онда 560 бала бар. Үш жылдан бері солай оқып жатыр. Енді келер жылы екі басқарма жаңа мектеп салуға жоспар құрды. Бозой ауылында "Жайлы мектеп" жобасы аясында мектеп құрылысы басталды. Жер берілді. Тегістеу, қазу жұмысы басталғанымен жоба "Самұрық Қазына" компаниясына тиесілі. Құжаттарында кемшіліктер болған сияқты. Қазір құрылыс толық тоқтады. Облыстық құрылыс, сонымен бірге облыстық білім басқармасымен бірге 320 орындық мектепке өтінім беріп отырмыз", - деді Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов.
Сонымен қатар Шалқар ауданында бес қабатты үш тұрғын үй мәселесі де он жылдап шешілмей тұр. Кезінде төбесін жөндеу үшін 120 млн теңге бөлінгенімен, көпқабатты тұрғын үйді жөндеу жұмыстары тоқтатылды. Үйдің опырылған жерлері бар.
"Шалқар қаласында 5 қабатты үш үй бос тұр. Оған қаражат бөліп, үш рет сараптамадан өткіздім. Қазіргі кезде сараптамадан соң үшеуі де апатты деп танылған. Апатты деп тыналмай тұрып 2012 жылы ақша бөлініп, шатыры жабылды. Газ, су құбыры жақындап жеткізілді. Электр стансасы да бар. 120 млн теңге бөлінді сол кезде. Құрылысы бітпей тоқтап қалды. Арада 15 жыл болды. Бұл үйге қатысты тағы бір рет сараптама жүргіземіз. Салуға болады десе жобалық-сметалық құжат дайындауға ұсыныс жасаймыз. Егер болмаса сүріледі немесе аукцион арқылы сатылады", - деді аудан әкімі.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы орталығынан 365 шақырым қашықтықта орналасқа Шалқар ауданында 42 мыңнан аса халық тұрады. Ауданда бір қала және 12 ауылдық округке қарасты 30 елді мекен бар.
Бүгінде елді мекендердің 13-і көгілдір отын пайдаланып отыр. Бұл жалпы аудан халқының 88,4 пайызын құрайды. Қазіргі таңда Қопасор елді мекенін газдандыруға жобалық сметалық құжаттары мен сараптама қорытындысы дайын.
Сонымен бірге биыл Бершүгір, Сарсай, Алабас ауылдарына газ тарту жұмыстары басталады.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2183279-aqtobe-oblysynda-560-oqushy-ush-zhyl-buryn-apatty-dep-tanylgan-mektepte-oqyp-zhur/