Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Рейдерлік жолмен басып алды": Қостанайда құс фабрикасының бұрынғы иесі желіде президенттен көмек сұрады

Жарияланған күні:

құс фабрикасы
Құс фабрикасы. Фото: Қайрат Маишевтің жеке мұрағатынан

Қостанай облысындағы құс фабрикасының бұрынғы иесі кәсіпорынын әлдекімдер рейдерлік жолмен басып алғанын айтып, әлеуметтік желіде президентке видеоүндеу жолдады. Оның айтуынша, қазір құс фабрикасы облыстық мәслихат депутатына тиесілі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Telegram-да жарияланған видеода Генрих Богдевич 2012 жылы құны 4 млрд теңге, яки 30 млн долларға бағаланған құс фабрикасын қарақшылар құзырлы мекемелер көмегі арқылы тартып алғанын айтады.

"Мұның бәрін менен рейдерлік іс-қимылдар нәтижесінде тартып алды. Бүгінде ол облыстық мәслихат депутаты Қайрат Маишевке тиесілі. Осы факті бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды. Алайда депутат Маишев өзінің таныстарын пайдалана отырып қылмыстық істерді тергеуге мүмкіндік бермей отыр", - дейді құс фабрикасының бұрынғы иесі Генрих Богдевич.

Айтуынша, "ҚазАгроҚаржы" акционерлік қоғамы кәсіпорынның өнім өндіру көлемін жылына 12 мың тоннаға арттыру үшін 3 млрд теңгеден астам инвестиция құю керек болған.

"Алайда біреулердің арам ойлы тапсырысы бойынша жобаға қаржы бөлмей қойған. Осы тұста салық комитеті де "тапсырыс алып" компанияны банкротқа жариялау процедураларын бастап кетті" -дейді фабриканың бұрынғы қожайыны.

Сондай-ақ ол облыстық мәслихат депутаты Қайрат Маишевтің кесірінен бұл мүлкін қайтарып ала-алмай жүргенін айтып, құқық қорғау органдары мен президенттен көмек сұрады.

Облыстық мәслихат депутаты әрі аймақтағы ірі құс фабрикаларының басшысы Қайрат Маишев те үнсіз қалмады. Ол бұл кәсіпорын жұмысын тоқтатқаннан кейін 8 жылдан соң қарамағына алғанын айтты. "ҚазАгроҚаржы" компаниясы 2012 жылдан фабриканың ісін қайтадан жандандыратын инвесторлар іздеп, тіпті шетелдік бизнесмендерді де тартуға әрекеттенген. Бірақ ішкі мүлкі әбден тоналып, талан-таражға түскен құс фабрикасының кәсібін жалғастыруға ешкім келісіпеген көрінеді.

"Бізге дейін көптеген инвесторлар болды, бірақ осындай тәуекелдерге келісіп, жандандыруға келіскен біз ғана. Кәсіпорынның бұрынғы иесімен болып жатқан сот процестері компанияны әрі қарай дамытуда кедергілер туғызды. Бүгінде осы азаматтық-құқықтық қатынастар аясындағы істер аяқталып келеді. Содан соң кәсіпорынды әрі қарай модернизациялап, өнім өндіру көлемін ұлғайтуға кірісеміз", - дейді кәсіпкер, әрі облыстық мәслихат депутаты Қайрат Маишев.

Кәсіпкер Қайрат Маишев фабриканы 2020 жылы алып, қалпына келтіру үшін 5,8 млрд теңге жұмсағанын айтты. Оның сөзінше, соның 2,4 млрд теңгесі бұрынғы иесінің қарызы, оны әлі күнге өтеп жатқан көрінеді. Ал 200-ден астам адам еңбек ететін фабрикада жылына 6 мың тонна құс еті өндіріледі екен.

Автор: Айнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2183301-reiderlik-zholmen-basyp-aldy-qostanaida-qus-fabrikasynyng-buryngy-iesi-zhelide-prezidentten-komek-surady/