Қазақстан АЭС бойынша әлеуетті жеткізушілермен келіссөздер бастады
Жарияланған күні:
Читать на русскомЭнергетика министрлігі Қазақстанда атом электр станцияларын салу бойынша әлеуетті жеткізушілермен келіссөздер басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Энергетика министрлігі таратқан мәлімдемеде қазір әлеуетті жеткізушілермен келіссөздер жүргізіліп жатқаны айтылған.
"Қазіргі уақытта бәсекелестік диалог процедурасы бойынша "шорт-листке" енгізілген әлеуетті жеткізушілермен келіссөздер басталды. Бұл бізге ынтымақтастықтың барлық аспектісін – техникалық, экономикалық және құқықтық мәселелерге дейін талқылауға мүмкіндік береді. Бұл формат халықаралық стандарттарға сай және Қазақстанның ұлттық мүдделеріне барынша сәйкес келетін оңтайлы шешімді таңдауға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Атом электр стансасын салу жобасы бойынша жеткізушіні немесе консорциумды таңдау бойынша түпкілікті шешім 2025 жылы қабылданады.
Қазақстанда АЭС салу мәселесі
АЭС салу туралы идеяны президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа Жолдауында айтқан болатын. Ол өз сөзінде атом энергетикасын дамыту экономикалық және саяси тұрғыдан ерекше маңызды аспектке айналғанын атап өткен.
Сол жылдың қараша айында энергетика министрі АЭС салатын компания қашан таңдалатынын мәлімдеді. Ал желтоқсанда Қазақстанда алғашқы АЭС-ті салуға жоспарланған шамамен жұмсалатын қаражат белгілі болды.
Айта кетейік, 2 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қазанда АЭС құрылысы мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Айта кетейік, Қазақстандағы АЭС-ті Алматы облысында салу жоспары 2019 жылы белгілі болған еді. Нақты салынатын орны ретінде Үлкен ауылы көрсетілген. 2021 жылдың аяғында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев атом станциясын осы ауылға орналастыру мүмкін екенін растады.
Еске салсақ, 6 қазанда Қазақстанда елде атом электр стансасын салу мәселесі бойынша референдум өткен еді.
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс беруге 7 820 204 адам немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66 пайызы қатысқан. Оның ішінде 5 561 937 адам немесе қазақстандықтардың 71,12 пайызы АЭС салуды қолдап дауыс берген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2183391-qazaqstan-aes-boiynsha-aleuetti-zhetkizushilermen-kelissozderdi-bastady/