Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Хуторский" ұйымдасқан қылмыстық тобы бар екені рас па: вице-министр жауап берді

Жарияланған күні:

Игорь Лепеха
Игорь Лепеха. Фото: t.me/KZgovernment

Мәжіліс кулуарында ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Талғардағы Шерзат Болат өлімінен кейін аталған "Хуторский" ұйымдасқан қылмыстық тобы туралы пікір білдірді. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Министрдің орынбасары "Хуторский" қылмыстық тобының бар-жоғын айта алмайтынын алға тартты.

"Қылмыстық іс бойынша біздің қызметкерлерден құралған топ жұмыс істеп жатыр. "Хуторский" қылмыстық тобы бар ма, жоқ па, ол туралы мен айта алмаймын. Оны арнайы бақылайтын Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бар. Қылмыстық істі зерделеу аяқталған кезде олар сіздерге жауап береді. Негізі қылмыстық топтар бойынша есепте тұрғандардың тізімі бар", - деді ол.

Вице-министр "Хуторский" қылмыстық тобына полиция қызметкерлерінің қатысы бар деген күдік әзірге расталмағанын айтты.

"Қылмыстық іс зерделеніп жатыр. Біздің қызметкерлерге қатысты іс қозғалып жатқан жоқ. Оның үстінен (Хасан Қасымбеков – ред. ескертпесі) ауыр қылмысқа қатысқан деген күдікпен іс қозғалып жатыр. Айта кететін жайт, іс қаралып жатқан кезде прокуратурамен келісіліп отырады", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне Хасан К. жетекшілік ететін "Хуторские" ұйымдасқан қылмыстық тобының қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Бұрын Алматы облысы полиция департаменті басшысы қызметін атқарған Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов бұл деректерді жоққа шығарып, "Хуторские" ұйымдасқан қылмыстық тобы жоқ екенін айтты.

"Хуторские" ұйымдасқан қылмыстық тобына келетін болсақ, бізде мұндай атпен тіркелген бірде-бір топ жоқ", - деген еді Әленов.

Талғардағы Шерзат Болат қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.

Бұған дейін Талғар қаласының әкімі Бахыт Күрішбеков пен әкімнің орынбасары Матан Сағындық қызметінен босатылғаны хабарланған еді.

Айта кетейік, Талғардағы атышулы оқиға Шерзат Болаттың өлімінен кейін Талғар ауданында тағы бірнеше шенеунік жазаланғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2183781-hutorskii-uiymdasqan-qylmystyq-toby-bar-ekeni-ras-pa-vitse-ministr-zhauap-berdi/