Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жұмыс істейтін зейнеткерлердің зейнетақысын тоқтату: Айдос Сарым еңбек министрінің ұсынысын сынады

Жарияланған күні:

Зейнетақы
Көзілдірік, теңге мен калькулятор. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бүгін, 6 қазанда мәжілістің жалпы отырысында жұмыс істейтін зейнеткерлердің зейнетақысын тоқтата тұру туралы еңбек министрі Светлана Жақыпованың мәлімдемесіне қатысты сын айтылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға сауал жолдады.

Депутат жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы министрдің ұсынысы қоғамда алаңдаушылық тудырғанын айтады. Оның пайымдауынша, бұл шара еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру құқығына кепілдік беретін Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келеді.

"Зейнеткерлікке шығу азаматтарымызға өлім жазасы емес. Қазақстанның әр азаматы зейнеткерлік жасқа жеткенде де адал еңбек етуге құқылы, олай болмаса біз кәсіби мұғалімдер, дәрігерлер немесе басқа санаттағы мамандардың тапшылығы мәселесін қалай шешеміз?

Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан экономиканың барлық саласында және секторларында кадрлық дағдарысты бастан кешіріп жатыр және бұл дағдарыс жұмыс орындарының жетіспеушілігімен емес, біліктіліктің еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмеуімен байланысты", - деді депутат.

Айдос Сарым еліміздегі еңбек биржасынан сандарды мысалға келтіріп, он мыңдаған жұмыс орны бос тұрғанын мәлім етті.

Мәселен, enbek.kz Еңбек биржасының мәліметі бойынша, 4 қарашадағы жағдай бойынша 53 826 бос жұмыс орны болса, оның ішінде 13 356-сына жұмыс өтілі талап етілмейді. Ал Headhunter (hh.kz) жұмыс іздеу платформасында 47 946 бос жұмыс орны тұр.

Сонымен қатыр депутат жұмыс күшінің, негізінен жастардың Қазақстаннан шетелге кетуі байқалатынын айтады.

"Бұл үрдіс жұмыс орындарының жетіспеушілігінен емес, төмен жалақы және тартымсыз жұмыс жағдайларынан болып отыр. Осылайша, сұранысқа ие емес бос орындардың болуы екі ірі еңбек биржасында және кадрлардың республикадан тыс жерлерге кетуі қазіргі еңбек ресурстарын дамыту жүйесінің құрылымдық кемшіліктерін көрсетеді. 2021 жылы ЭЫДҰ әдістерін қолдана отырып жүргізілген жұмыс күшінің дағдыларын талдау жастар мен аға буын арасындағы дағдылардан үш есе айырмашылық барын көрсетті. Бұл жаңа қызметкерлердің бұрынғыларға қарағанда біліктілігі төмен болуы мүмкін дегенді білдіреді", - дейді ол.

Айтуынша, мұндай бастамалар ұрпақ арасына алауыздық тудырып, зейнеткерлерді жастарға қарсы қойып отыр.

"Зейнеткерлер жұмыс орындарын жастардан тартып алады деген сөз конструктивті емес. Сондай-ақ Еңбек министрлігінің асығыс шешімі – 2015 жылы зейнеткерлерді жұмыстан шығаруды заңдастыру халықаралық еңбек стандарттарына қайшы келеді. Ол жас бойынша кемсітушілікті заңдастырып, зейнеткерлердің құқықтары сияқты нәзік мәселелерде негізделген шешімді шенеуніктер қабылдауға дайын емес екенін көрсетеді.

Осыған байланысты сізді алдағы уақытта әлеуметтік шиеленіс тудыратын мәлімдемелерден аулақ болуға шақырамын", - деді депутат.

Сөз соңында Айдос Сарым Amanat фракциясы қоғам үшін осындай нәзік мәселелер бойынша негізделген шешім қабылдау үдерісінде ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Еңбек министрі Светлана Жақыпова журналистермен кездесуде зейнетақы жүйесін өзгерту бойынша ұсыныстар айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2183961-zhumys-isteitin-zeinetkerlerding-zeinetaqysyn-toqtatu-aidos-sarym-engbek-ministrining-usynysyn-synga-aldy/