"Қолын бұлғады": Ақтөбе облысында құлаған тікұшақтағы экипаж мүшелерін құтқарғандар оқиғаны баяндап берді
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында ақау шығып, жанып кеткен тікұшақ бірінші ауыл үстінде айналшықтаған. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, ұшқыш әскери тікұшақты қауіпсіз жерге апаруға барын салған.
Ауыл сыртына құлаған тікұшақты бірінші болып, ауыл шаруашылық жәрмеңкесінен қайтқан әкімдік қызметкерлері көрген. Мәртөк аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Бақытжан Мулкаев оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Олар өртеніп жатқан тікұшақ атылмай тұрып, экипаж мүшелерін қауіпсіз жерге сүйреп алып шыққан.
“Бүгін ауданда ауыл шаруашылық жәрмеңкесі болды. Қайтар жолда осы оқиғаны көрдік. Қасымда аудандық мәслихат төрағасы болды. Бірден 112-ге және жедел жәрдем қызметіне хабар бердік. Ол жерде ойланып тұратын уақыт болған жоқ. Себебі тікұшақтың қасында екі адам жатты. Біреуі қолын бұлғады.
Шамасы құлаған кезде ішінде болғандарды сыртқа лақтырып жіберсе керек. Көлікті алысқа тастап, жаяулап жеттік. Біреуі есін білмейді, екіншісі “Батыр қалып қойды” деп сөйлеп жатты. Тікұшақ жанып жатқандықтан бізге оған кіру мүмкіндігі болмады. Екеуін сүйрелеп алыстатқанда “тарс” етіп атылды. Екеуінің денесінде күйік жоқ. Жерге соққан кезде лақтырып жіберген”, - деді Бақытжан Мулкаев.
Ауыл тұрғындары жанып жатқан тікұшақты, ұшқыштарды құтқару сәтін видеоға түсіріп, жергілікті пабликтерге жүктеген. Аудандық әкімдік қызметкерінің айтуынша, тұрғындар алғашында оқу-жаттығу деп түсінген.
“Ауыл тұрғындары тікұшақ басында ауылдың үстінде айналшықтап тұрғанын айтты. Олар тікұшақты ауылдың сыртына қауіпсіз жерге апарып тұр. Басында бәрі бұл жағдайды оқу-жаттығу шаралары деп түсінген. Ұшқыштар ауылға зиян келтірмес үшін қауіпсіз жерге шығарып тұр. Сол жерде темір жолға да зиян келмеген. Ұшақта болған екі адамның амандығын тілейміз”, - деді Бақытжан Мулкаев.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Ақтөбе облысы Сарыжар ауылының маңында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының Ми-8 тікұшағы оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде апатты жағдайда қонды. Бір адам қаза тапты, екі адам ауруханаға түсті.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2185241-batyr-qalyp-qoidy-aqtobe-oblysynda-qulagan-tikushaqtagy-ekipazh-mushelerin-qutqargandar-oqigany-baiandap-berdi/