Шымкентте Qamqor өңірлік бағдарламасына өтініш қабылдау жалғасып жатыр
Жарияланған күні:
Шымкентте Qamqor өңірлік бағдарламасына өтініш қабылдау жалғасып жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ 77 TV арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарна мәліметіне сүйенсек, Шымкент қаласының тұрғындарына Qamqor жаңа өңірлік бағдарламасына қатысу туралы өтінімдер 30 қыркүйектен басталған болатын. Құжат қабылдау 28 қарашаға дейін жалғаспақ. Бүгінге дейін бұл бағдарламаға 2202 адам тіркелген.
Qamqor тұрғын үй бағдарламасы Шымкент қаласының жұмыс істейтін тұрғындарына тиімді шарттармен баспана алуға мүмкіндік береді.
"Бағдарламаға өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылар ұпай санын келесі күні otbasybank.kz порталындағы жеке кабинеттерінен көре алады. Ең көп ұпай жинаған 400 адам тұрғын үй алу мүмкіндігіне ие болады.
Тұрғын үйді сатып алу үшін әртүрлі нарықтан таңдау жасауға болады: алғашқы нарықтан, үлестік құрылысқа қатысу арқылы "ҚТК" кепілдігімен, сондай-ақ қолданыстағы немесе салынып жатқан нысандардан, немесе қайталама нарықтан", - делінген ӨКҚ хабарламасында.
Қатысу талаптары:
- Қатысушының жасы өтінім беру кезінде 63 жастан аспауға тиіс;
- Үміткердің және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда Қазақстан аумағында меншік құқығында тұрғын үйі болмауы қажет;
- Бұған қоса, бұл кезеңде тұрғын үйді иеліктен шығару фактілері де тіркелмеуі тиіс;
- Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде болуы міндетті;
- Қатысушы таңдаған сала бойынша соңғы 6 айдан кем емес ресми жұмыс өтіліне ие болуы қажет.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2185938-shymkentte-qamqor-ongirlik-bagdarlamasyna-otinish-qabyldau-zhalgasyp-zhatyr/