Қызылордада сыныптастары жыныстық құлдықта ұстады деген оқушы ісі бойынша алғашқы үкім шықты
Жарияланған күні:
Қызылорда қаласының №2 сотында сыныптастары жыныстық құлдықта ұстады деген оқушы ісі бойынша алғашқы сот үкімі шықты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық сотқа сілтеме жасап хабарлайды.
Қызылорда қаласының №2 сотында сотталушы Т.-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша (қорқытып алу) қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы Т. жәбірленушіні масқаралайтын мәліметтерді жариялаймын деп кәмелетке толмаған жәбірленушіден 700 000 теңге ақша тауып беруін талап еткен, сонымен қатар оның сөмкесін алып, ішінде тұрған 35 000 теңге ақшаны қорқытып алғаны анықталды.
Сотталушының кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің біркелкі жауаптарымен, оқиға орнын қарап-тексеру туралы хаттамасымен, беттестіру жүргізу хаттамаларымен, сот психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысымен бекітілді.
Сот үкімімен сотталушы Т. Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.
Қылмыстық кодекстің 55-бабының 2-бөлігінің 2-тармағына сай, жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жаза мерзімі Қылмыстық кодекстің тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 2/3-інен асыруға болмайды делінген.
Іс бойынша қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Жеңілдетілген мән-жай ретінде оның бұрын сотталмағаны және жас екені ескерілді (21 жас).
Яғни, ең жоғары жаза 7 жылдың 2/3-інен аспауға тиіс.
Осының негізінде, сот сотталушыға 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енбеген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2186105-qyzylordada-synyptastary-zhynystyq-quldyqta-ustady-degen-oqushy-isi-boiynsha-algashqy-ukim-shyqty/