Сот Қарағандыдағы Ленин атындағы кинотеатрды сатуды заңсыз деп таныды
Жарияланған күні:
Қарағанды қаласында сот шешімімен тарих және мәдениет ескерткіші саналатын Ленин атындағы кинотеатрды сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық сотқа сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық сот мәліметінше, 2024 жылғы 13 қарашада Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талап қоюшы Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының прокурорының жауапкерлерге сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талабы бойынша азаматтық істі қарады.
Сотта Қарағанды облысының әкімінің 30.12.1998 жылғы шешімімен Қарағанды қаласындағы Ленин атындағы кинотеатрға тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесі берілгені анықталды. Әкімнің 01.10.1999 жылғы шешімімен кинотеатр тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесінен айырылған. 18.10.1999 жылы инвестициялық тендер негізінде кинотеатр "К." ЖШС-не сатылған. Кейіннен кинотеатр 10.05.2001 жылы - "Қ-ға", 23.08.2019 жылы - "А." ЖШС-не екі рет сатылған. 18.09.2001 жылы Қарағанды облысының әкімінің шешімімен кинотеатрды тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесінен айыру туралы шешім жойылған.
Сот шешімімен прокурордың талаптары қанағаттандырылды, "К." ЖШС-не, "Қ." ЖАҚ-на, "А." ЖШС-не кинотеатрды сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылды.
"Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Заңның 11-бабына сәйкес (жекешелендіру сәтінде қолданыста болған), Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және басқа субъектілерге тиесілі емес тарих және мәдениет ескерткіштері Қазақстан Республикасының айрықша меншігі болып табылады. Әкімнің шешіміне сәйкес кинотеатр тарих және мәдениет ескерткіші болып табылады, яғни Қазақстан Республикасының айрықша меншігі болып табылады және жекешелендіруге жатпайды. Жарлықтың 25-бабының 1-тармағы, 2-тармақшасына сәйкес, соттың жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануына сатып алушыға заңсыз жеңілдіктер мен артықшылықтардың берілуі негіз болды.
Кинотеатр сатып алушыларына заңсыз жеңілдіктер мен артықшылықтар беру туралы дәлелдер сот барысында расталды.
Бұдан басқа, коммуналдық меншікті басқару уәкілетті органнын кинотеатрды сатуға келісімі алынбаған. "Қ." ЖАҚ-мы құрылысқа инвестициялау және мультиплексті қолданысқа енгізу жөніндегі өз міндеттемелерін орындамаған, немесе қонақ үй, бильярд клуб, фитнес-орталық, бизнес-орталық, есеп айырысу-касса бөлім, дүкен салмаған.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2187093-sot-qaragandydagy-lenin-atyndagy-kinoteatrdy-satudy-zangsyz-dep-tanydy/