Қостанай ауданында алғаш рет уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы ашылды
Жарияланған күні:
Қостанай ауданының Тобыл қаласында алғаш рет уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы ашылды. Орталықта әйел мен ер азаматтарға арналған он жатын орын қарастырылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Орталықтың басшысы Самат Шүменбаевтың айтуынша, жергілікті әкімдіктің талдауы ауданда мамандырылған мекеменің қажеттілігін көрсетті. Сол себептен аудан тұрғындары үшін жергілікті психикалық денсаулық базасында азаматтарды уақытша оңалту орталығын ашу туралы шешім қабылданған болатын. Мекеменің қайта жаңартылуына 60 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Бүгінде орталықта фельдшер, медбике және психиатр сияқты 15 жоғары санаттағы, тәжірибелі медициналық мамандар жұмыс істейді. Барлық палата аудио-бейнетіркеумен жабдықталған.
Бүгінде Қостанай облысында уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтары Қостанай және Рудный, сондай-ақ Арқалық қалаларында ғана бар.
"Бұған дейін мас азаматтарды Қостанай ауданынан Қостанай қаласында орналасқан орталыққа тасымалдауға тура келетін. Бірақ тұрғындар саны көп болғандықтан, орын жетпеушілігі байқалды. Сондықтан Тобыл қаласында орталық ашу қажеттілігі туды. Мекеме ішімдік пен есірткі зардабынан ауыр халге түскен науқастар үшін тәулік бойы қызмет атқарады. Қазіргі уақытта бірінші қабат толығымен жөндеуден өтті. Ғимарат 1972 жылы салынғандықтан, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді", - деп атап өтті Самат Шүменбаев.
Сонымен қатар ғимарат емдеу бөлмесімен, терезелерінде торлары бар арнайы палаталармен және бақылау терезесі бар темір есіктермен жабдықталған. Бейнебақылау жүйесі әдетте деректер жазылатын және заттар түгенделетін қабылдау аймағын қоса алғанда, барлық орталықты қамтиды.
Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының орынбасары Ләззат Шәкееваның сөзінше, орташа дәрежедегі мас науқастар ғана мекемеге ем алу үшін қабылданады.
"Мас күйдегі адамдар өздерін орынсыз ұстауы мүмкін. Сондықтан біз оларды әбден есін жиғанша орталықта ұстаймыз. Мұнда жеңіл дәрежеде мас болған адамдар келмейді, себебі әдетте олар агрессия белгілерін көрсетпейді. Ал ауыр дәрежедегі мас науқастар мамандандырылған палаталарда стационарлық ем қабылдайды. Біздің негізгі міндетіміз – оларға дер кезінде мамандандырылған көмек көрсетіп, мастық дәрежесін анықтау, емдеу бөліміне жатқызып, қалыпты жағдайға келтіру", - деді Ләззат Шәкеева.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Әбішевтың айтуынша, Қостанай ауданында бұл мекемені ашу қажеттілігі бұрыннан назарда болған.
"Қостанай ауданының әкімдігі Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасына және облыстық полиция департаментіне орталықты ашу қажеттілігі туралы бастама көтерді. Олар бізді қолдап, орталықтың орнын анықтап, қаржы бөлді. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы қылмыстың алдын алу, сондай-ақ қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қажет. Аудан халқының саны 74 мыңнан асады. Қазіргі уақытта екі үлкен шағын аудан құрылысы жүріп жатыр, бұл дегеніміз болашақта халық саны артады деген сөз", - деді Қайрат Әбішев.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың он айының қорытындысы бойынша, Қостанай ауданында мас күйінде жасалған 49 қылмыс тіркелген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2187498-qostanai-audanynda-algash-ret-uaqytsha-beiimdeu-zhane-detoksikatsiia-ortalygy-ashyldy/