Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбедегі жасөспірім өлімі: қылмыстық істің бабы өзгертіліп, тағы бірнеше оқушы қамауға алынды

Жарияланған күні:

Күдіктіні қамау сәті
Күдіктіні қамау сәті. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ақтөбе облысындағы 9-сынып оқушысының өліміне қатысты қылмыстық іс енді "Адам өлтіру" бабымен тергеледі. Қылмыстық іс бойынша 10 оқушы қамауға алынды. Тағы екі күдіктінің мекенжайы анықталып жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында 14 жастағы Нұржан Сыдықовтың өліміне қатысты істе күдіктілердің саны артты. Полиция тағы бірнеше оқушыны қамауға алды. Күдікті ретінде танылған оқушылардың туыстары істің аса ауыр баппен тергелетінін естіп, прокуратура алдына жиналды.

"Мен күдікті ретінде танылған 10-сынып оқушысының әкесімін. Алғашында іс Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-тармағымен қаралды. Қазір 99-баптың 2-тармағына ауыстырылды. Балам 4 қыркүйектен бастап қамауда отыр. Бұл балалар қасақана адам өлтірген жоқ. Бірге араласып, бірге ойнап жүрген балалар. Балам 14 жаста. Адам өлтіремін деген ойы жоқ. Менің баламның өзі де осы жерде жәбірленуші, орындаушы болып тұр. 11-сынып оқушылары ұйымдастырып, ұруға мәжбүрлеген. Қылмыстық кодекстің 99-бабына да, 106-бабына да келіспеймін. Қасақана өлім жоқ. Мектепте әлемжеттік бар. Бірнеше жыл болған. Өзімнің балам 10-сыныпқа келгенде құрбаны болып тұр", - деді ата-ана Нұржан Төлебаев.

Басқа да оқушылардың ата-аналары мектепте әлімжеттік бірнеше жылдан бері болғанын айтып отыр.

"Оқиғаға себеп болған бала қамалған жоқ. Сол жерде 11-сынып ұлдары 10-сынып оқушыларына бір-бір соққыдан жасаған. Өздері Нұржанға алғашқы көмек көрсеткен. Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабымен тергеліп жатыр. Өте ауыр бап. Оған үгіттеп отырған бала да жауапқа тартылсын. Ол ауылдағы балаларды қорқытып, өзі туралы айтпауды талап етіп жүр. Басталған іс әділ тергелсін. Қазір кейбір ата-аналар қорғаушыларымен бірге менің балама қылмыстық іс бойынша жауапкершілікті жапқысы келіп жатыр. Бәрін менің балама және 10-сынып оқушысына жапқысы келеді. Мен оған жол бермеймін, баламды қорғаймын. Осыған дейінгі жағдайдың зардабын тартып жатырмыз. Бәріміз де кезінде алдын алмаған жүйенің жәбірленушісіміз", - деді ата-ана Маржан Ибраева.

Ата-аналар балаларын алғашында куәгер ретінде шақырғанын, алайда кейін күдіктіге айналғанын айтты.

"Балам Е.Ж. 11-сынып оқушысы. Алғашында іске куәгер ретінде шақырды. Қалаға жауапқа келіп жүрдік. Кеше 14 қарашада шақырғанда үш баланы қамады. Балалардың бәрі жас, олар адам өлтіремін деп барған жоқ. Қайтыс болған балаға ұлым қолының ұшын тигізбеген.

Сол күні балам қасымда қасымда шөпте болды. Ініммен бірге жеңіл көлікпен ауылға жарты сағат бұрын ерте кетті. Шай ішіп отырғанда достары хабарласып шақырды. Балам оларға ештеңені білмей барды. Ұйымдастыруға қатысы жоқ. Ол барғанда балалар жиналып тұрған. Жоғары сынып балалары төмен сыныптарға әңгіме айтқан. Бір-бірден ұрып шыққан. Балам өз еркімен ұрмаған. Қасындағы балалардан қорыққан", - деді ата-ана Бауыржан Шүкіров.

Прокуратура алдына жиналған ата-аналар
Прокуратура алдына жиналған ата-аналар. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Баласы күдікті ретінде қамауға алынған ата-аналар арасында мектеп мұғалімі де бар. Айтуынша, қылмысқа қатысы бар күдіктілер әлі де бар, олар сабақ оқып жүр.

"Сол жерде менің балама дейін бес бала ұрған. Соңғы менің балам "ұрды" деп қазір қамалып отыр. Менің баламның ұрған соққысынан Нұржан жерге құлаған. Сол жерде қайтыс болмаған. Балам сыныптасы екеуі ауыл дәрігеріне жүгіріп барып шақырған. Көмектескен. Өзім сол мектепте істеймін. Қазір мектепте қалған ұрған балалар жүр. Күліп-ойнап, ештеңе сезініп жатқан жоқ. Әлімжеттік бар екенін естідім. Ата-ана ретінде осыған дейін учаскелік полицияға, инспекторға айтылды. Бірақ жауапсыз жылы жауып қойды. Салдарынан қайталанып, осыған әкеліп тұр", - деді ата-ана Дария Базылбекова.

Ал марқұмның әпкесі Аяжан Сыдықова әлеуметтік желідегі парақшасына әділдік орнап, қылмыстық істің бабы өзгертілгені туралы жазған.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті қылмыстық істің бабы өзгергенін, күдіктілердің саны артқанын растады.

"Полиция департаменті кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Жанжалдың барлық қатысушылары анықталды. 10 күдікті қамауға алынды. Тағы екі адамның тұрғылықты мекен жайы анықталып жатыр", - деді облыстық ПД өкілдері.

Айта кетейік, Қопа ауылындағы оқушы өліміне қатысты іс осыған дейін Қылмыстық Кодекстің 106-бабы "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" бабымен қозғалды. Қайғылы оқиғадан кейін үш оқушы күдікті ретінде танылып, қамауға алынды.

Кейін аталмыш мектепте буллинг бары айтылды. Оқиғадан кейін мектеп директоры мен мен аудандық білім бөлімінің басшысы қызметінен кетті.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2187990-aqtobedegi-zhasospirim-olimi-qylmystyq-isting-baby-ozgertilip-tagy-birneshe-oqushy-qamauga-alyndy/