Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанға кәсіпорындардың цифрлық картасы не үшін қажет

Жарияланған күні:

Адам ноутбукта жұмыс істейді
Көрнекі фото: freepik.com

Биыл Қазақстанда жаңа ақпараттық платформа – кәсіпорындардың цифрлық картасы іске қосылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің маңызды инновациялық жобасы туралы толығырақ NUR.KZ сайтындағы материалда баяндалған.

Қазақстандық жұмысшылардың кәсіби қызметті әртүрлі еңбек тәуекелдерімен байланысты екендігі бәрімізге мәлім. Бүгінде жұмыс берушілер қызметкерлер алдындағы міндеттерін адал атқармайды.

2024 жылғы 1 шілдеден бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек жағдайларын бақылау мақсатында "Кәсіпорындардың цифрлық картасы" ақпараттық жүйесін іске қосты. Бүгінгі таңда бұл жүйемен 500 мыңнан астам кәсіпорын қамтылған.

"Кәсіпорындардың цифрлық картасы – аймақтардағы кәсіпорындардың толық мәліметтерін қамтитын, заманауи технологиялар негізінде құрылған ақпараттық жүйе. Бұл аймақтың экономикалық әлеуетін бағалауға, инвестициялық мүмкіндіктерді анықтауға және кәсіпорындар арасында ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді", - деді Мемлекеттік еңбек инспекциясының Еңбек заңнамасын бақылау және талдау басқармасы басшысы Бауыржан Бейсенбаев.

Кәсіпорындардың цифрлық картасы атқаратын негізгі міндеттері мен функциялары:

Деректерді орталықтандыру

Картада әрбір кәсіпорынның орналасқан жері, қызмет саласы, өндіріс көлемі, қызметкерлер саны, сондай-ақ қаржылық көрсеткіштері мен даму әлеуеті туралы деректер жинақталған. Аталмыш ақпараттың барлығы мемлекеттік деректер базасынан алынады. Мұндай мәліметтер елдегі бизнес мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік береді.

Тәуекелдерді бақылау және мәселелерді диагностикалау

Карта еңбекті қорғаудың тиімді мемлекеттік мониторингі мен бақылауын қамтамасыз етуге, проблемалық мәселелерді шешу, еңбек жағдайларын жақсарту және жұмыскерлерге олардың еңбек құқықтарының толық көлемде сақталуына кепілдіктерді қамтамасыз ету бойынша әрбір кәсіпорынды жедел және нақты қарастыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік және нормативтік қолдау

Платформа мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті, салық қызметтері және басқа да мемлекеттік органдар үшін бақылау құралы ретінде қызмет етеді. Бұл қауіпті аймақтарды уақытылы анықтауға, заң бұзушылықтарға жауап беруге, сондай-ақ жұмысшылардың әлеуметтік әл-ауқатын қолдау мен олардың құқықтарын қорғау үшін шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Бизнес-аналитика мен жоспарлауды қолдау

Платформада көрсетілген ақпарат арқылы кәсіпорындар өз салаларының жағдайын талдай алады, бұл оларға жалпы тенденцияларды бақылауға және болашақ дамуды жоспарлауға көмектеседі. Деректерді пайдалану арқылы кәсіпорындар тәуекелдерді азайту, қаржылық тұрақтылықты жақсарту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру жолдарын таба алады.

Ашықтық пен сенімділікті арттыру

Картаның мақсаты – бизнес пен мемлекет арасындағы сенімді нығайту. Мұндай мәліметтер үкіметке, инвесторларға және кәсіпкерлерге нақты деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік мәселелерге ден қою

Еңбек жағдайлары, заңнаманың сақталуы, жалақы бойынша берешектің болуы және әлеуметтік шиеленіс деңгейі сияқты әлеуметтік факторлардың мониторингі платформада қарастырылған. Бұл мемлекеттік органдарға ықтимал еңбек жанжалдарына жедел түрде әрекет етуге мүмкіндік береді.

"Уақыт өте келе еңбек жағдайын бағалаудың барлық нәтижелері, яғни аудит мамандары жүргізген тексеру нәтижелері кәсіпорындардың цифрлық картасында жинақталатын болады. Әрі қарай, барлық кәсіпорындарға белгілі бір рейтинг беріледі. Бұл дегеніміз еңбек жағдайлары неғұрлым жақсы болса, рейтинг соғұрлым жоғары болады. Бұл ретте жалпы кәсіпорынды ғана емес, әрбір жұмыс орнын бағалау жоспарлануда. Сонымен қатар, бұрын еңбек жағдайлары негізінен өндірістік объектілерде бағаланған болса, болашақта біз барлық заңды тұлғаларды қамтуды жоспарлап отырмыз", - деп атап өтті еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жұмыс жөніндегі бас директорының орынбасары Әлімжан Бекмағамбетов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2188896-qazaqstanga-kasiporyndardyng-tsifrlyq-kartasy-ne-ushin-qazhet/