Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"40 пайызы кесілді": Алматыда құлағалы тұрған 84 мың түп ағаш анықталды

Жарияланған күні:

Алматы орталық көшесіндегі ағаштар
Алматы орталық көшесіндегі ағаштар. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматыдағы аудандардың бірінің ауласында шіріген ірі ағаш құлап, үш бірдей автокөлікті басып қалғанын хабарлаған едік. Қардың салмағымен ескі ағаштар құлайтын оқиғалар қыс түскенде жиілейді. KAZ.NUR.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында Алматы әкімдігі өкілдері қазіргі таңда қалада қанша ескі ағаш барын және бұл мәселе қалай шешіліп жатқанын түсіндірді.

"Инвентаризация мәліметтеріне сәйкес, Алматы қаласының жасыл желек реестрінде 84 мың авариялық ағаш анықталған, олардың 40 пайызын (шамамен 35 мың ағаш) кейінгі екі жылда басқарма мен аудан әкімдіктері кескен", - делінген әкімдік хабарында.

Ағаштардың құлау санының көбеюіне байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласы бойынша авариялық жағдайдағы ағаштарды кесу жөнінде бесжылдық жоспар әзірленген.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, авариялық ағаштарды кесудің орнына 10 есе көп жаңа ағаш отырғызу арқылы компенсациялық шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен қатар басқарма мен аудан әкімдіктерінің мамандары ағаштардың жағдайын үнемі бақылап, тұрғындардың өтініштері бойынша тексеріс жүргізеді. Авариялық жағдай расталған жағдайда ағаштар кесуге жатады.

Әкімдіктегілердің айтуынша, жалпы қолданыстағы жерлерде орналасқан ағаштар мен бұталарға күтім жасау, кесу және жою үшін тиісті аудан әкімінің аппараты (бюджеттік бағдарламаның әкімшісі) жауапты.

Саябақ
Саябақ. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

"Сонымен қатар "Жасыл желектерді ұстау ережелеріне" сәйкес, ғимаратқа іргелес аумақта орналасқан ағаштар мен бұталарға күтім жасау, кесу және жоюға жауапты ұйым немесе жеке тұлға (КСК, меншік иесі немесе жалға алушы) болып саналады. Іргелес аумақ ғимараттың, құрылыстың, қоршаудың, құрылыс алаңының, сауда, жарнама және басқа объектілердің шекараларынан 5 метр радиустағы аумақты қамтиды", - деп ескертті әкімдік өкілдері.

Қала көрінісі
Қала көрінісі. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Сақтану жолдары

Бұған дейін төтенше жағдайлар министрлігі қолайсыз ауа райы кезіндегі сақтану шаралары туралы мынадай кеңес жариялаған:

  • Жарақат алып қалмас үшін таймайтын аяқ киім киіңіз;
  • Аяқты нық басып, асықпай жүріңіз;
  • Балалар үлкендерсіз далаға шықпасын;
  • Науқастар, егде тартқан адамдар көшеде жалғыз жүрмесін;
  • Электр желілері тартылған, ағаш өсіп тұрған жерлерге, құрылысы нашар нысандардың қасына жақындамаңыз;
  • Олардың қасына автокөлік қоймаңыз;
  • Автокөлік пайдалануды азайтыңыз, онымен қалаға шығудан бас тартыңыз;
  • Автокөлікпен жүрген уақытта арақашықтық сақтаңыз, тежегішті бірден баспаңыз, жылдамдықты баяулатыңыз.
Өзен жағалауындағы ағаштар
Өзен жағалауындағы ағаштар. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2189027-40-paiyzy-kesildi-almatyda-qulagaly-turgan-84-myng-tup-agash-anyqtaldy/