Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Су тасқынынан кейін жаңадан салынған Ақтөбе облысындағы ауыл тағы қауіпті аймақта тұр

Жарияланған күні:

Су тасқыны кезінде бүлінген көпір
Су тасқыны кезінде бүлінген көпір. Фото: KAZ.NUR.KZ

Көктемде Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы түгелдей су астында қалған Қаратал ауылы тағы да қауіпті аумақта тұр. Әкімдік ауылды биіктігі үш метр, ұзындығы төрт шақырым бөгетпен аман алып қала ала ма? Бұл сұраққа Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бүгін Ақтөбе облысы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңына Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев келді. Ол 2024 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2025 жылға арналған жоспарларды баяндады.

Айтуынша, биыл суға кетіп, халқы мектепті паналаған Қаратал ауылы келесі көктемде де қауіпті аймақта тұр. Әкім суға кеткен ауылдың басқа жерге көшірілмеуін тұрғындардың өз таңдауы деп түсіндірді.

Асқар Қазыбаев
Асқар Қазыбаев. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Алдағы көктемге қауіпті аймақ - Қаратал селосы, Ақкемер ауылы болып тұр. Ақкемер ауылында 1,3 м жерге қорғаныс бөгеті салынып жатыр. Ауданда барлық су келетін аумақта қорғаныс бөгеттерін көтеру жұмыстары жүріп жатыр. Су келетін жолдарға биіктігі 2-3 м болатын бөгеттер салынды. Бұл жұмыстарға 906 млн теңге бөлінді. Қараталдағы бөгет 4 км. Ол жерде барлық инфрақұрылым бар. Жол, байланыс бар. Халықтың өзі осы жерде тұрамыз деген өтініш жасады. Ол жердің айналасының барлығы су. Биыл салынған үйлердің іргетасы 80 см биік. Өткен жылы демеушілік қаржымен бөгет салдық. Бірақ ол жер судың молдығынан ұстай алмады. Биыл бөгетті тағы бір метрге биіктетіп, нығайттық. Сондықтан қауіп болмау керек", - деді Асқар Қазыбаев.

Сондай-ақ аудан әкімі Қаратал ауылындағы 60 орындық балабақша биыл пайдалануға берілетінін айтты. Жоба құны 630 млн теңге. Қазір ішін әрлеу, жылу кіргізу жұмыстары жүріп жатыр.

Еске салсақ, биыл көктемде Ойыл ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Қаратал, Екпетал ауылдарын толық су басып, баспаналар қирап қалды. Ауданда барлығы 328 үй суға кетті. Оның 172 -сі жекеменшік компания қолдауымен жаңадан салынды. 135 шаңырақ өз таңдауымен жалпы құны 2664, 3 млн теңгеге дайын үй сатып алды. 21 үйге күрделі жөндеу жұмыстары үшін 64,4 млн теңге төленді.

Көктемде төтенше жағдай жарияланған ауданда қираған баспана, бүлінген жол, мал өлімі бойынша жалпы шығын көлемі 20 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар ауданда биыл көктемде суға кеткен Екпетал ауылы жойылды. Онда 66 үй болды. Тұрғындарының бәрі Ойылға көшірілді. Қалауы бойынша кей тұрғындар үйді сатып алды, басқаларына жаңадан салып берді. Халық санының көбеюіне байланысты ауданда мектеп, балабақша сұрағы әлі де өзекті.

Қазір Ойыл селосында 320 орындық жаңа мектеп құрылысы басталды. Сонымен қатар аудан орталығында 150 орындық балабақша құрылысы жүруде. Жоба құны 1,500 млн теңге.

Тасқын кезінде Ойыл ауданына кіреберіс көпір де жарамсыз болып қалған еді. Су қоршауында қалған аудан тұрғындары жылжымалы көпір арқылы қатынады. Аудан әкімінің мәліметіне сүйенсек, бұл көпір 50 жыл қызмет еткен. Қалпына келтіру үшін биыл 4, 194 млн теңге бөлінді. Көпір жобасы күрделі болғандықтан құрылыс жұмыстары Ойыл өзенін бөгеу арқылы жүреді.

"Көпір толықтай жаңадан салынады. Бұрын 9 тіреуіш болса, енді 7 тіреуішпен саламыз. Осыған дейінгі балкалар 22 м болса, енді 34 м балка қойылады. Қаратал ауылына кіреберіс 20 км жолды су басты. Бұл жерді қалыпқа келтіру үшін 379 млн теңге бөлінді. Жұмыс биыл аяқталады. Ойыл ауылына кіреберіс жолға 304 млн теңге қаржы бөлінді. Аудандағы жергілікті жолдың жалпы ұзындығы 243 км. Оның 138 км (57 пайызы) қанағаттанарлық. Ал 104 км жол сапасы нашар. Жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады", - деді аудан әкімі Асқар Қазыбаев.

Айта кетейік, Ойыл ауданында екі бөгет салынып жатыр. Жұмыстар желтоқсанда толық аяқталатыны хабарланды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2189063-su-tasqynynan-keiin-zhangadan-salyngan-aqtobe-oblysyndagy-auyl-tagy-qauipti-aimaqta-tur/