Атырауда өлген малдан сібір жарасы анықталды
Жарияланған күні:
Атырауда мал базарында өлген ірі қарадан сібір жарасы анықталды. Оқиға болған "Асыл Агро" базары толығымен жабылып, дизенфекция жасалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Астана" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауру шыққан сиыр Батыс Қазақстан облысы, Жаңақазан ауылынан Атырауға жеткізілген. 12 қараша күні таңертең базар қызметкерлері өлі малды байқап, ветеринарлық қызмет шақыртқан.
Облыстық аумақтық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нұркен Бояровтың айтуынша, сібір жарасының анықталғаны зертханалық сараптамамен расталды.
"Сібір жарасы анықталғаны рас. 16-сы күні Астана қаласына жіберілген талдама қорытындысы келді. "Асыл Агро" базары бүгінгі таңда толығымен жабылды. Қала әкімнің шешімі шықты. Сол жалғыз бас келген. Айгүл деген апай сатып алған. Қазір қауіп жоқ. Себебі мал өлген күні бірден өртелді", - деп түсіндірді Нұркен Бояров.
Алайда мал базарының қызметкерлері сібір жарасы анықталған малмен бірге әкелінген ірі қараларды иелері тиеп, өзге мал базарына алып кеткенін айтады.
"Сол малмен бірге келген малдарды иесі жан-жақтағы базарларға тиеп алып кетті. Атырауда мал соятын 4 базар бар. Сол жақта сойылып кеткен де болар. Қазір ішке диззенфекция жасалды. Малдың өлу себебі, өзімше ойлаймын, жеммен байланысты. Батыс Қазақстаннан сиырды әкелген жігітпен де телефонмен сөйлестім. Олардан да келіп анализ алған. Ірі қараның жанында жүрсе де ешкім жұқтырмаған", - деді базар әкімшісі Әбу Құлбасов.
Қазір мал күтіміне араласқан адамдардың барлығы медициналық бақылауға алынды. Аумаққа дизенфекция жасалып, базар жабылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2190435-atyrauda-olgen-maldan-sibir-zharasy-anyqtaldy/