Павлодар облысында қала әкімі тағайындалды
Жарияланған күні:
Бүгін Ақсу қаласының активі жиналысында Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов қаланың жаңа әкімі Болатбек Шәріповты таныстырды. Бұл туралы аймақ әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жиында өңір басшысы Нұрлан Дүйсенбиновтың Ақсу қаласының әкімі қызметінен өз еркімен босатылғанын хабарлады. Асайын Байханов оған қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
"Нұрлан Шайхсләмұлы Ақсуды 2022 жылдың наурыз айынан бастап басқарды. Осы уақыт ішінде қалада 524 пәтерлі 5 үй салынды, 40-тан астам көше жарықтандырылды, 6 ауылдық округте су құбырлары жаңғыртылды. Жағажай аумағы абаттандырылды, Ақсу қалалық ауруханасын ауданаралық орталық ауруханаға айналдыру жұмыстары басталды, «Ақсумолл» сауда орталығы ашылды", - деді өңір басшысы.
Облыс әкімінің өкімімен, Президент Әкімшілігінің және Ақсу қалалық мәслихатының келісімімен Ақсу қаласының әкімі лауазымына Болатбек Шәріпов тағайындалды. Өңір басшысы жаңа әкімді таныстырып, жұмысына табыс тіледі.
Болатбек Шәріпов 1973 жылы Ертіс ауданының Заречное ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Еңбек жолын 1992 жылы бастаған. Мемлекеттік қызметте 2008 жылдан бастап жұмыс істейді.
Ертіс ауданында ол бөлім басшысынан аудан әкіміне дейінгі еңбек жолынан өтті. "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.
Асайын Байханов Ақсудың облыс экономикасын дамытуда маңызды мәнге ие екенін атап өтті. Қалаға өңірдің өнеркәсіп көлемінің шамамен 25 пайыз тиесілі. Бірінші кезекте барлық инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды, сондай-ақ, түйінді мәселелерді талдауды тапсырды.
"Жақында Ленин көшесіндегі магистральдық жылумен жабдықтау желілерінде ақау орын алды. Жылу мен ыстық сусыз 20-дан астам көпқабатты тұрғын үй және 50 жеке үй қалды. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін алдын-ала шаралар қабылдаңыз. Сондай-ақ, жаңа қазандықты іске қосу туралы мәселені соңына дейін аяқтау қажет. Өздеріңіз білетіндей Ақсу қаласында аяқталмаған құрылыс нысандары бар: Алғабас, Жолқұдық, Пограничник, Еңбек ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Ақсу қаласындағы мұз аренасы. Осы мәселелермен айналысып, барлық нысандарды пайдалануға беру керек, - деп тапсырды Асайын Байханов.
Сондай-ақ қаланың жаңа әкіміне 6-7 пайыз тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, Ақсу инвестициялық аймағын, инфрақұрылым мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, тұрғындардың өзекті мәселелеріне уақтылы ден қою тапсырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2190528-pavlodar-oblysynda-qala-akimi-tagaiyndaldy/