Шымкентте кісі өліміне әкеп соқтырған жол апатына қатысты сот үкімі шықты
Жарияланған күні:
Шымкентте кісі өліміне әкеп соқтырған жол апатына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлайды.
"Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы М.-ға ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен /көлік құралдарын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу, яғни абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет/ айып тағылған", - делінген сот хабарлмасында.
Сотталушы 2024 жылдың тамыз айында автокөлігін Шымкент қаласы Асанбай Асқаров көшесі бойымен басқарып келе жатып, жол ережесін сақтамай, Республика даңғылының қиылысында жаяу жүргіншілер өткелінде өтіп бара жатқан азаматты қаққан. Салдарынан жәбірленуші оқиға орнында қаза тапқан.
Басылым мәліметінше, сотталушының кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттар арқылы дәлелденген. Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал жәбірленушінің өкілі сотталушымен татуласқанын, оны кешіргенін айтты. Көлік жүргізушісі кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айыру жазасының төменгі мөлшерін тағайындауды сұрады.
Жаза тағайындау барысында сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіруін, жәбірленуші өкіліне келтірілген залалды өтеуін, асырауында жасөспірім балалары болуын ескерген. Ал ауырлататын мән-жай анықталмаған.
"Сот М.-ны Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны бойынша кінәлі деп танып, 5 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыра отырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады",- делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2190555-shymkentte-kisi-olimine-akep-soqtyrgan-zhol-apatyna-qatysty-sot-ukimi-shyqty/