Шымкентте жыл басынан бері үш мектеп оқушысы жүкті болып қалған
Жарияланған күні:
Шымкенттегі мектептерде кәмелет жасына жетпей жүкті болған қыздар мен оқушылар жасаған қылмыс саны артқан. Тәрбиеге бей-жай қарау, ұстаздың шәкіртін ұрып-соғу оқиғалары да тиылмаған сыңайлы. Бұл мәселелер Білім басқармасының 10 айдағы қорытындысы бойынша берілген есебінде айтылды, деп хабарлайды Ontustiktv.kz.
Телеарна мәліметінше, жыл басынан бері 3 оқушыда ерте жүктілік фактісі анықталған. Мектептегі баланың ана атануы жылдағы жағдайға айналған. Оқушылар арасындағы қылмыс көрсеткіші де күрт өскен. Өткен жылы 120 қылмыстық оқиға тіркелген болса, биыл 142 қылмыс болыпты. Биылдан бастап қылмыстың алдын алу үшін жаңа жобалар қолға алынған. Алайда нәтиже көңіл көншітпеген.
"Кәмелет жасқа толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша биыл заң жобасын мектептерге ендірдік Есепте тұратын оқушыларға құқықтық оқыту жұмыстары жүргізілген", - дейді Білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы.
Мұғалімдер тарабынан оқушыға қысым көрсету деректері де азаймаған.
"Әсіресе жекеменшік балабақшалар мен мектептерден арыз көп түседі", - дейді Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Рыскелді Әліш.
Алқалы жиында жекеменшік мектептерге мемлекеттен дұрыс көңіл бөлінбей жатқаны да сөз болды. Оқушыларды кітаппен қамту, жағдайы төмен отбасы балаларын тамақтандыру кәсіпкерлерге қиындық тудырып келеді екен.
Аталған мәселелердің шешу жолы сала мамандарымен жан-жақты талқыланды. Айта кетейік, жалпы Шымкентте 1015 білім ұйымы жұмыс істейді. Оларда 423 508 бала білім алып келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2190882-shymkentte-zhyl-basynan-beri-ush-mektep-oqushysy-zhukti-bolyp-qalgan/