Талғарда уақытша ұстау изоляторынан күдікті қашып кетті: 12 адам жазаланды
Жарияланған күні:
Алматы облысы Талғар ауданындағы уақытша ұстау изоляторының басшысы қызметінен босатылды. Тергеу абақтысынан күдікті қашып кеткені үшін тағы 11 қызметкер жазаға тартылды. Бұл жөнінде "КТК" арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, Бекарыс Қалмырзаев кәмелетке толмаған туыс қарындасын зорлады деген күдікпен өткен айда ұсталған еді. Алайда оған тағылған ауыр айыптан гөрі, одан полицейлердің көз жазып қалуы жұртты елең еткізді.
Қашқынды іздеуге тәртіп сақшыларымен қоса, төтеншеліктер мен ауыл тұрғындары да кірісті. Араға төрт күн салып, күдікті өзі тұратын Тереңқара ауылының маңында қолға түскен.
Ер адам ағаш арасында жасырынғанын тепловизермен жабдықталған дрон көрсетті. Осы оқиғадан кейін күдіктіні қадағалай алмаған изолятордың қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.
"Қызметтік тексеріс қорытындысы бойынша қатаң шаралар қабылданып, 12 қызметкер жауапқа тартылды. Оның ішінде бірқатар басшы лауазымынан босатылды, кейбір қызметкерлер қатаң тәртіптік жазаға тартылды.
Уақытша ұстау изоляторының бастығы мен жауапты қызметкері ішкі істер органдарынан шығарылды. Сонымен бірге бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде", - дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Меруерт Морякова.
Дереккөз: КТК арнасы
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының полиция департаменті Талғардағы уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен күдіктінің жеке мәліметтерін жариялағанын хабарлаған едік.
Алматы облысы полиция департаменті уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен 1998 жылы туылған Бекарыс Қалмырзаевқа іздеу жариялады.
Көп ұзамай Талғардағы уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен күдікті ұсталғаны хабарланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2191113-talgarda-uaqytsha-ustau-izoliatorynan-kudikti-qashyp-ketti-12-adam-zhazalandy/