Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда коммуналдық төлемдердің тағы бір түрі бойынша тарифтер екі есеге көтерілуі мүмкін

Жарияланған күні:

тұрғын үй
Тұрғын үй. Фото: KAZ.NUR.KZ

Алматыда тұрғын үйді басқару және оны күтіп ұстау шығындарының ең төменгі тарифін 25 теңгеден 40 теңгеге дейін көтеру ұсынылды. Бұл өзгеріс тарифтің шамамен екі есеге өсуіне әкелмек. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ұсынылған құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланып, 5 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды. Тарифті көтеру туралы шешім 2010 жылдан бері қайта қаралмаған мөлшерлемені жаңартудың қажеттілігінен туындаған.

"Тұрғын үйді басқару және оны күту шығындарына еңбекақы төлеу, банк қызметтері, дератизация мен дезинфекция, сондай-ақ ортақ мүлікті күтіп ұстауға арналған төлемдер кіреді. Бұған дейін ең төменгі тариф 1 шаршы метр үшін 25 теңге көлемінде белгіленген болатын және ол Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен бір жыл мерзімге бекітілген", - делінген порталда жарияланған баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ хабарламада соңғы 14 жылда орташа есеппен жылына 7 пайыз болатын инфляцияны ескере отырып, жұмыс тобының тарифті қайта есептегені айтылған.

"Қазіргі кезде жалақының, тауарлар мен қызметтердің құнының өсуіне және төмен тарифтердің тұрғын үйлердің ортақ мүлкін күтіп ұстауға кері әсер еткеніне байланысты 40 теңге көлеміндегі жаңа тарифті бекіту ұсынылады. 2023 жылдан бастап аулаларды күтіп ұстау жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, күрделі жөндеу жұмыстары тұрғындардың жеке жинақ шоты қаражаты есебінен жүзеге асатынын ескерген жөн", - делінген құжатта.

Сондай-ақ қаладағы көппәтерлі 9 000 тұрғын үйдің 5 500-ден астамында 1 шаршы метр үшін 40 теңгеге дейінгі тарифтің енгізілгені айтылған.

Авторлар жаңа тарифті бекіту Алматының тұрғын үй қорын басқару мен күтіп ұстау сапасын арттыру және қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау жолындағы маңызды қадам деп сендірді.

Бұған дейін Алматы қаласы мен Алматы облысында электр энергиясының тарифі өзгеретінін хабарлаған болатынбыз. "АлматыЭнергоСбыт" ЖШС 2024 жылғы 15 қазаннан бастап электр энергияны бөлшек саудада өткізудің шекті бағасының 1 кВтсағ үшін ҚҚС-сыз 29,04 теңгеге дейін (1 кВтсағ үшін ҚҚС-пен 32,52 теңге) көтерілгені туралы хабарлады.

Сонымен қатар мәжілісте газ тұтынушылар үшін тарифтердің екі түрін енгізу ұсынылып, кейбір тұрғындар үшін газ 1,5 есе қымбаттауы мүмкін екенін хабарладық. Тарифтердің екі түрі ұсынылады. Біріншісі - коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін газды тұтынудың шектеулі көлемі шеңберінде болса, екіншісі белгіленген нормалардан жоғары тұтыну кезінде пайдаланылады. Екінші жағдайда 1,3 (немесе 1,5) жоғарылату коэффициенті қолданылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2191409-almatyda-kommunaldyq-tolemderding-tagy-bir-turi-boiynsha-tarifter-eki-esege-koterilui-mumkin/