"Жылқыларды пневматикалық қарумен атқан": Жетісу облысындағы ауыл халқы биліктен мал жаятын жер сұрайды
Жарияланған күні:
Жетісу облысындағы Қайнарлы ауылында жайылым тапшы. Тұрғындар жергілікті биліктен мал жаятын жер сұрайды, деп хабарлайды 24.KZ.
Тұрғындар елді мекен айналасы егістік алқап болғандықтан, төрт түлікті жайылымға шығара алмай отырғанын айтады
Қайнарлы ауылында 800-ден аса адам тұрады. Жергілікті халықтың дені мал шаруашылығымен айналысады. "Сондықтан жайылымды ұлғайтып, күнкөрісімізге қолайлы жағдай жасап берсе" дейді.
"Ауылдың тұрғындарына мал жаятындай жер жайылым ашып, ауылдың халқын өзін-өзі қамтамасыз ететіндей және мал асырап, ет сүт өнімін өндіретіндей жағдай жасап берсе, мына халық өзін асырап қана қоймай, қалған елді де азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар", - дейді Қайнарлы ауылының тұрғыны Ержан Жаңажыл.
Ауылдағы мал саны 16 мыңнан асады. Төрт түлік жазда жайлауға, қыста қыстауға жіберіледі. Елді мекен маңында да жайылым бар. Аудан әкімінің орынбасарының сөзінше, ол үшін тиісті жер телімі бөлінген.
"Қайнарлы ауылында 2090 гектар жер бекітіліп берілген. Оның 1490 га жайлауда. 500 га ауылдың түбінде тұрған. Әрине, 1490 ірі қара, оның бәрін ауылға қалдыратын болсақ, ие бола алмаймыз. Бұл жерге жетпейді жер. Ауылдың маңайының бәрі – тәлімді егістік жер. Біз мұны жайылым жерге аудара алмаймыз", - дейді Ескелді ауданы әкімінің орынбасары:Айдын Исабеков Айдын Исабеков.
Тұрғындарды тағы бір мәселе алаңдатып отыр. Олардың сөзінше, жайылымда жүрген ауылдың жылқыларын бәзбіреулер пневматикалық қарумен атқан.
"Үш айғыр үйірден сегіз жылқы атылды. Бәрі осы жерге келіп жатқан. Бір күнде, тұманды күні. Қазір РОВД қарастырып тергеу амалдарын жүргізіп жатыр", - дейді Қайнарлы ауылының тұрғыны Нұрдәулет Солтанұлы.
Тұрғындар бұрын жиын-терін науқаны аяқталған соң егістік алқапқа мал жаятынын, биыл кейбір шаруашылықтар оған да мүмкіндік бермеді дегенді айтады.
"Күзде егін орылып, шабындығы шабылып болғаннан кейін малымызға жайылысқа ашып беретін рұқсат беретін болса, міне, алдын атып жатыр. Ертең малымызды жайып, осы жерге келетін болсақ, адамды да атып тастауы мүмкін. Біздің әрбірден соң ауылда тұруға қорқынышымыз бар", - деді Қайнарлы ауылының тұрғыныҚапан Шерияздан.
Жиналғандар жайылым тапшылығын заңды тұрғыда реттеп, біржолата шешіп берсе деген үмітте. Жалпы Жетісу облысында кейінгі үш жылда 480 гектар жер қоғамдық қолданысқа қайтарылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2191676-zhylqylardy-pnevmatikalyq-qarumen-atqan-zhetisu-oblysyndagy-auyl-halqy-bilikten-mal-zhaiatyn-zher-suraidy/