Шымкентте 160 сарбаз ант қабылдады
Жарияланған күні:
Шымкентте 160 сарбаз ант қабылдады. Ақтөбе және Жамбыл облысынан, Астана мен Шымкент қаласынан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасына мерзімді әскери қызмет етуге келген 160 әскерге шақырылушы бір ай бойы әскери ілімнің негіздерін үйренген еді, деп жазады Otyrar.kz.
Басылым мәліметінше, жас жауынгер курсында жігіттер саптық дайындық негіздерімен, әскери жарғылармен, қару-жарақ түрлерімен танысқан.
Бір айдан соң жас жауынгерлер әскери борышын лайықты орындауға, елдің бостандығын, тәуелсіздігі мен конституциялық құрылысын, халқы мен Отанын батыл қорғауға ант берді.
Ал сарбаздарды "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Бауыржан Күренкеев, сондай-ақ Шымкент қаласы бойынша "Қарулы күштер ардагерлері" кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Серікбай Онбаев және Шымкент филиалының "Желтоқсан ақиқаты" РҚБ төрағасы Гүлмира Оспанова құттықтады.
"Бүгінгі қорғаушылар– ата буын жауынгерлерінің батырлық даңқының лайықты ізбасарлары, күн сайын біздің жерімізде қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етеді", - деді өз сөзінде "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Бауыржан Күренкеев.
Ант беріп, салтанатты шерумен өткен соң жас сарбаздар дайындаған қойылымын ұсынған. Олар №1 және №2 дене шынықтыру жаттығуларының кешенін, қару-жарақпен саптық техниканы, дефилені және әскердің қоян-қолтық ұрыс техникасын орындады.
Ант қабылдау рәсімі мәресіне жеткен соң сарбаздардың ата-анасы бөлім аумағына экскурсия жасап, казармалық үй-жайлардың бөлмелері мен асханасымен танысты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2191923-shymkentte-160-sarbaz-ant-qabyldady/