Еңбек министрлігі өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету үшін қандай шара қабылдады
Жарияланған күні:
Елімізде жыл сайын 1400-ден астам адам өндірісте жарақат алады, оның ішінде 200-ден астамы қаза табады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өндірістегі жазатайым оқиғалардың санын қалай азайтпақ. Бұл туралы NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
Өткен жылы Қазақстан кәсіпорындарында 1474 адам зардап шегіп, 251 жұмысшы көз жұмды. Биылғы тоғыз айдың қорытынды статистикасы да көңіл көншітпейді: 971 адам жарақат алып, оның ішінде 131 адам қайтыс болды.
Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының 2024-2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама мемлекет басшысының халыққа жолдауында көрсетілген тапсырмасын орындау мақсатанда ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен әзірлеген.
"Отыз жыл ішінде еңбекті қорғау саласында жүйелі проблемалар жинақталғанын мойындау керек. Бір жағынан, қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қазіргі жағдайды көрсетсе, ал екінші жағынан, бар мәселелердің шешімін ұсынады. Бұл құжат кәсіптік қауіп-қатерлер мен өндірістік жарақаттану деңгейін және кәсіптік ауру түрлерін төмендетуге бағытталған", - деп атап өтті ҚР ЕХӘҚМ еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жұмыс жөніндегі бас директорының орынбасары Әлімжан Бекмағамбетов.
Алдағы жылдары тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесі жетілдірілетінін атап өту маңызды. Бұл тәсіл заңда белгіленген барлық нұсқамаларды адал орындайтын кәсіпорындарда тексерулер санын азайтуды көздейді. Керісінше, еңбек қауіпсіздігі саласында бұзушылықтар жүйелі түрде тіркелетін кәсіпорындардың қызметіне бақылау күшейтілетін болады.
Мониторингтің негізгі бағыттарына келесідей деректер кіреді: кәсіпорындардағы кәсіптік тәуекелдерді бағалау нәтижелері, өндірістік жарақаттану, кәсіптік аурулар, қызметкерлердің сертификатталған санитарлық құралдармен және медициналық қызметтермен қамтамасыз етілуі.
"Біз үшін өндірістік жарақаттанудың жасырын жағдайларын анықтау маңызды. Ресми статистика бұл деректерді көрсетпейді. Халықаралық бағалаулар бойынша, әрбір анықталған жарақат үшін 500-ге дейін анықталмаған жарақат жағдайлары кездесуі мүмкін. Біздің міндетіміз – осы жасырын фактілердің барлығын анықтап, көрсету. Бұл сұрақта бізге қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы көмектеседі", - деді Әлімжан Бекмағамбетов.
Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы жұмыс орындарында тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыруды қамтиды. Аталмыш шаралар қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартудағы жұмыс берушінің қосқан үлесін арттыруға бағытталған. Еңбекті қорғауға арналған шығындарды жоспарлау әдістемесін дайындау жоспарлануда, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты профилактикалық іс-шараларды қаржыландыру ҚЖОМС қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Маңызды бағыттардың бірі – кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту. Оқытудың жаңа түрлері мен әдістерін енгізу арқылы еңбекті қорғау саласында кадрлық прогреске қол жеткізуге болады. Айта кету керек, бүгінгі таңда өндірістік жарақаттанудың әрбір бесінші жағдайы қызметкерлерді қауіпсіз еңбекке жеткілікті түрде оқытпаумен байланысты.
Сонымен қатар материалдық-техникалық базаны жақсарту және білім беру қызметін жүйелі түрде көрсету еңбек қауіпсіздігі саласындағы ғылыми әлеуетті дамытуға ықпал етеді. Ал мамандарды, техникалық инспекторларды, өндірістік кеңестер төрағаларын және еңбекті қорғау бойынша сарапшыларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру міндетті рәсімдердің қатарына енгізілмек.
Ауқымды цифрландыру арқылы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру туралы Әлімжан Бекмағамбетов айтты.
"Еңбекті қорғау институты ретінде біз әдіснаманы және ең маңызды аспектілерді анықтауға тырысамыз, сондай-ақ барлық процестерді цифрландыруға және автоматтандыруға үлкен мән береміз. Кәсіпорынды бағалағаннан кейін маман мобильді қосымшаның көмегімен ақпаратты жалпы мәліметтер базасына жүктей алады. Жүйе өз кезегінде бұл ақпаратты талдап, кәсіпорынның жалпы рейтингін шығарады", - деді Әлімжан Бекмағамбетов.
Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әрбір қазақстандық кәсіпорында ғана емес, сонымен қатар барлық жұмыс орындардағы еңбек жағдайын бағалауды көздейді.
Осылайша, қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында көзделген шараларды жүзеге асыру әрбір қазақстандық қызметкердің еңбек тәуекелдерін уақтылы бағалауға, оларға жедел ден қоюға, қажетті инновацияларды енгізуге және еңбек саласындағы кәсіпорындардың қызметін толық бақылауға мүмкіндік береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2192042-engbek-ministrligi-ondiristik-zharaqattanu-denggeiin-tomendetu-ushin-qandai-shara-qabyldady/