Бас прокурор тұрғындардың арызын дұрыс қарамаған мыңнан аса шенеунік жазаланғанын мәлімдеді
Жарияланған күні:
Бас прокурор Берік Асылов азаматтардың арызын дұрыс қарамаған жүздеген шенеунік жазаланғанын мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Берік Асылов республика азаматтарының өтініштерін жергілікті атқару органдарында қаралуы мәселесіне орай алқа отырысын өткізді. Жиналыс нәтижесін бас прокурор Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
Бас прокурордың мәлімдеуінше, биыл он айда атқарушы органдарға 1,1 миллион өтініш түскен. Прокурорлар азаматтар арыздарының жергілікті әкімдіктерге қаралу сапасын тексеріп, шенеуніктердің көбі міндетін дұрыс атқармағанын анықтаған.
Берік Асыловтың айтуынша, осыған байланысты жүздеген шенеунік жазаланған.
"Республика бойынша қадағалау актілері негізінде әкімдіктердің 1652 лауазымды тұлғасы түрлі жауапкершілікке тартылды, оның 601-і – басшылық құрам" деп жазды бас прокурор.
Әзірге олардың нақты кім, қай өңірлердің шенеунігі екені белгісіз. Асылов ешкімнің аты-жөнін атамаған.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурорды қабылдап, оған "Әділетті Қазақстан" тұжырымдамасына сай "Заң және тәртіп" бағдарын нығайту ісіне прокуратура органдарының күш-жігерін барынша жұмылдыруды, әсіресе, заңға қайшы кез келген әрекет үшін жазадан жалтаруға жол бермеуді тапсырған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2192766-bas-prokuror-turgyndardyng-aryzyn-durys-qaramagan-myngnan-asa-sheneunik-zhazalanganyn-malimdedi/