Ақтөбедегі гимназиялардың бірінде қыздарға арналған жаңа дәретхана желіде талқыға түсті (фото)
Жарияланған күні:
Читать на русскомЖеліде Ақтөбедегі гимназиядағы есігі жоқ қыздар дәретханасының суреті пайда болды. Бұған қатысты мектеп әкімшілігі түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жазба Instagram желісіндегі Aqtobe_sergek парақшасында пайда болды. Фотосуретте арасы бөлінген, бірақ есіктері жоқ екі дәретхана бар.
"Мектеп-гимназияға жаңа ғимарат қосылды, бұл балалардың заманауи ғимаратта оқитыны өте қуантады, бірақ мектеп әкімшілігінің байқамай отырған мәселесі – дәретхана. Атап айтқанда, есігі жоқ қыздарға арналған дәретхана. Неліктен қыздарға мұндай қарым-қатынас жасалды, олардың қажеттілігіне неліктен құрметсіздік көрсетілген? Мұндайды қалай жобалап, қолданысқа беруге болады?", - делінген жазбада.
Жазбаны көрген қазақстандықтар түрлі пікір қалдырған. Олардың көпшілігі мұның дұрыс еместігін баса айтқан. Пікір жазғандар қатарында мектеп әкімшілігінің өкілдері де бар. Олар жағдайға қатысты түсініктеме берген.
"№2 мектеп-гимназиясының әкімшілігі мектептің қосымша ғимараты жақында ғана пайдалануға берілгенін хабарлады. Алдағы уақытта аталған мәселе шешілетін болады", - делінген хабарда.
Сонымен қатар қадағалаушы ведомство да жазбаға пікір білдірген. Олар өтініш Ақтөбе облысы Ахуалдық орталығында тіркеліп, құзыретті ұйымның қарауына жіберілгені айтылған.
Ал, HALYQSTAN Telegram-арнасының мәліметінше, құрылыс жұмыстарына 815 миллион теңге жұмсалған. Қосымша ғимараттың құрылысы өткен жылы басталып, ғимарат биыл пайдалануға берілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2192819-aqtobedegi-gimnaziialardyng-birinde-qyzdarga-arnalgan-zhanga-darethana-zhelide-talqyga-tusti-foto/