"Ақталуға құлшынысым болған жоқ": Павлодар облысында әкімдердің бірі мас күйде көлік жүргізген
Жарияланған күні:
Читать на русскомПавлодар облысы Қалқаман ауылдық округінің әкімі алкогольге мас күйде қызметтік көлікті тізгіндегені үшін ұсталды. Тілеуғали Кендебай демалыс күні мас күйде таңертең қызметтік көлікпен көшеге шыққан, деп хабарлайды Ақсу қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Полицейлер 26 қазанда таңғы сағат 5.40-та Ақсуда Қалқаман ауылдық округінің әкімін ұстады. Тілеуғали Кендебай сотта мас күйінде рульге отырғанын жасырмады.
Сот мәліметінше, жүргізуші Т. Кендебай көлік құралын масаң күйде тізгіндегені анықталған.
"Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, Кендебай жеңіл дәрежелі мас күйінде болған, 2024 жылдың қазан айында Ақсу қалалық сотының қаулысымен Кендебай 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар бұл мәселе Әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, ауылдық округ әкімі шақырылды.
"Сол күні ақталуға құлшынысым болған жоқ. Кінәмді толық мойындаймын. Басқа айтарым жоқ", - деді Қалқаман ауылдық округінің әкімі.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері шенеунікті қызметінен шеттету туралы ұсынысқа бірауыздан дауыс берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2193902-aqtaluga-qulshynysym-bolgan-zhoq-pavlodar-oblysynda-akimderding-biri-mas-kuide-kolik-zhurgizgen/