Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ай сайын 2000-2500 дана жұмыртқа": Шымкент тұрғыны асыл тұқымды тауықтар өсіріп, пайдасын көріп отыр (видео)

Жарияланған күні:

Динара Мэлсқызы
Динара Мэлсқызы. Видеодан кадр: youtube.com/ OTYRAR

Биыл Шымкент қаласында 428 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Бір жарым миллионға жуық қаржы иесі атанғандар көбінесе тігін цехын, кондитерлік, cұлулық салондарын ашқан. Дегенмен грант иелерінің арасында ақшаны мақсатсыз жұмсағандар да бар. 2024 жылы мониторинг жұмысы нәтижесінде 36 адамның қаржыны басқа мақсатта пайдаланғаны анықталған, деп жазады Otyrar.kz.

Динара Мэлсқызы құс шаруашылығымен айналысады. Шетелдерден асыл тұқымды тауықтар әкеліп, тұқымын көбейтіп сатады. Арнайы аппарат арқылы ай сайын 2000-2500 дана жұмыртқа шығарады. Бала кезінен қызыққан кәсіп түрімен білек сыбана айналысу үшін мемлекеттік грант конкурсына қатысып, бір жарым миллион теңгеге жуық қаржы алған.

"Менде бройлер деген Чехиядан келетін тұқым бар, екінші Ломан Браун деген ресейлік тек жұмыртқа беретін тұқым. Екеуі де асыл тұқым. 2 ай бұрын 2500 шөже шығардым, оның 1500 данасын көтерме бағамен саттым, жартысын ет күйінде саттым. Қалғаны осылар, келесі айда Чехиядан тапсырыс беріп қойдым. Үлкейтетін ойым бар", - деді Динара Мэлсқызы.

Бұл асыл тұқымды тауықтар 2,5 келіден 7 келіге дейін ет береді. Олар арнайы дайындалған жеммен қоректенеді. Бірақ ебін тапса, пайдасы да көл көсір дейді кәсіпкер. Ал тауықтар жұмыртқалаған соң оларды арнайы аппаратқа салады.

"Бұл аппараттың көмегімен жұмыртқадан шөже шығарамын. 20-21 күнде балапан жұмыртқаны жарып шығады. Осы жұмыртқаларды салған соң бір аптадан кейін тексеремін, тамырлары көрінеді, қайсысы өседі дегендей", - дейді кәсіпкер.

Биыл Шымкентте 428 адам қайтарымсыз грант иегері атанған. Мемлекеттен берілетін қаржыны алып, бизнесін бастауға 3500-ға жуық азамат өтінім білдіріпті. Олардың көбіне тігін цехын, кондитерлік өнім дүкендерін, сұлулық салондарын ашуға қызығушылығы жоғары дейді мамандар.

"Азаматтар онлайн түрде Еnbek.kz порталы арқылы құжаттарын тапсырып болғаннан кейін комиссияға ұсынылады. Комиссияның шешімімен ғана анықталады. Биыл 3500-ға жуық азамат мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатысуға өтініш білдірді.

Соның ішінде 428 азамат жеңімпаз болды. Мемлекеттік қайтарымсыз гранттың көлемі 400 АЕК дейін және азамат өзінің қорғаған бизнес жоспарына сәйкес келісімшартқа тұрамыз", - дейді Шымкент қаласы "Еңбек мобильділігі" орталығының директоры Бағдат Архабаев.

Қайтарымсыз грант иесі атанғандар әр үш ай сайын есеп тапсырады. Сондай-ақ олардың жұмысын арнайы құрылған мониторинг тобы тексеріп отырады. Мәселен осындай тексерулер нәтижесінде өткен жылы грант алған 452 адамның 138-і қаржысын мақсатсыз жұмсағаны анықталған. Сот арқылы олардың ақшасы қайтарылып жатыр. Ал биыл 36 адамның грант ақшасын мақсатсыз жұмсағаны белгілі болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2194173-ai-saiyn-2000-2500-dana-zhumyrtqa-shymkent-turgyny-asyl-tuqymdy-tauyqtar-osirip-paidasyn-korip-otyr-video/