Балалар омбудсмені 12 жасқа дейінгі балаларды қараусыз қалдыруға заң жүзінде тыйым салуды ұсынды
Жарияланған күні:
Ақмола облысында иіс тиіп көз жұмған екі баланың оқиғасына байланысты Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ балалар омбудсменінің Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл көз жұмған балалардың отбасына көңіл айтып, оқиғаның барлық мән-жайын мамандар анықтайтынын, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Динара Закиеваның айтуынша, 2024 жылғы қаңтардан 1 желтоқсанға дейін балалар көз жұмған 15 өрт болды, осы жағдайлардың көбінде олар үйде жалғыз болған.
"Осы фактілерді талдай отырып, мен 12 жасқа дейінгі балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға тыйым салатын заңнамалық шаралар әзірлеу қажет деп санаймын.
Әрине бұл ретте мұқтаж отбасыларға мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілуі қажет", - дейді Динара Зәкиева.
Айта кетейік, қараша айында Астанадағы жекеменшік үйдегі өрттен төрт бала қаза тапқан болатын.
Сонымен қатар Қостанай облысындағы Жітіқара қаласында өрт шығып, бір отбасындағы бес бірдей бүлдіршін көз жұмған еді.
Ақмола облысында жекеменшік үйде болған өрттен тағы екі бала қаза тапты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2194928-balalar-ombudsmeni-12-zhasqa-deiingi-balalardy-qarausyz-qaldyruga-zang-zhuzinde-tyiym-saludy-usyndy/