Ақтөбеде құрылған жылқы шаруашылығын ғылыми зерттеу институтының алдында қандай міндеттер тұр
Жарияланған күні:
Қамбар ата түлігінің жанашырлары Ақтөбеде жылқы шаруашылығын дамыту бойынша ғылыми конференцияда бас қосты. Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Ақтөбе облысының әкімі мен мәжіліс депутаттары қатысқан жиында өңірде құрылған жаңа ғылыми-зерттеу институтының міндеттері талқыланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбеде ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының негізінде "Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Институт 2025 жылы толық іске қосылуға тиіс. Мекеме "Ұлттық ғылыми білім беру орталығы" құрамында.
Осыған орай Ақтөбеде жылқы шаруашылығын дамыту бойынша ғылыми конференция ұйымдастырылды. Жиынға қатысқан зерттеуші ғалым Набидолла Асанұлының айтуынша, асылтұқымды жылқыны көбейтуде селекцияның жаңа тәсілдерін қолданып, тұқым және эмбрион банкін құру, биелерді қолдан ұрықтандыру маңызды.
Шараның Ақтөбеде өтуі бекер емес. Өнімділігі жоғары Мұғалжар және Көшім жылқылары осы өңірден. Бұл жылқылар құбылмалы ауа райына бейімделген, оның бағасы да жоғары саналады. Сондай-ақ Қостанай, Адай жылқыларының санын арттыру міндеті тұр. Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішевтің айтуынша, Қазақстанда жылқы ауруларын емдейтін, хирургиялық ота жасайтын ветинариялық клиника жоқтың қасы.
"Жылқы шаруашылығы біздің ұлттық мұрамыз, стратегиялық сала. Етті, сүтті және спорттық жылқы шаруашылығын тиімді ұйымдастыру, оны ішкі және сыртқы нарыққа шығару бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып тұр. Қолдан ұрықтандыру мәселесінің де маңызы жоғары. АҚШ, Франция, Нидерланд, Австрияда жылқыны қолдан ұрықтандыру кеңінен тараған. Генетикалық материалдарды сақтау, тасымалдау үшін заманауи технологияны пайдалануымыз керек. Тағы бір мәселе - жылқы ауруларын емдейтін, хирургиялық ота жасайтын ветеринариялық клиника жоқ. Осы ғылыми зерттеу институты аясында ветеринариялық клиника ашылса деген ұсыныс бар. Қазақта "шеге тағаны қорғайды, таға тұяқты қорғайды, тұяқ атты, ат ерді, ер елін қорғайды" деген қанатты сөз бар. Зерттеу институты аясында осы мәселелердің шешілетініне сенімдімін",- деді мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев.
Ғылыми конференцияда асыл тұқымды жылқы үлесін 7 пайызға арттыру қажеттігі айтылды.
"Асыл тұқымды жылқыларды зерттеу жұмыстарына мемлекет басшысы 2029 жылға дейінгі еліміздің бас жоспарын бекітті. Оның ішінде өңірлердің дамуында алшақтықты болдырмау мәселесі бар. Соңғы жылдары 1,5 мыңға жуық ауыл картадан жойылды. Бүгінде елімізде 6200-ге жуық ауыл бар. Қазақтың салты мен дәстүрі, тарихы ауылда сақталып отырғанын білесіздер. Президенттің 2023-2027 жылдарға арналған ауыл аймақты дамыту жарлығы бар. Үкімет сол жоспар аясында жұмыс істеп жатыр. Осы күнге дейін қазақ жылқысын дәріптеу, оны терең ғылыми зерттеу болған емес. Біз оңтүстік өңірде өскенбіз. Мұғалжар және Көшім асыл тұқымды жылқысын сіздерден алып, Жамбыл өңірінде дамытқымыз керек. Әрине ол үшін сіздерден ғылыми сүйемелдеу керек", - деді мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов.
Білікті ғалымдар, мәжіліс депутаттары қатысқан кездесуде жылқы шаруашылығындағы кемшін тұстарды тыңдаған ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғади Бердалин барлық ұсынысты қолдауға дайын екенін айтты.
"Мемлекет басшысы асыл тұқымды жылқыларды іріктеу, өсіруге мән беру қажеттігін атады. Осыған орай үкімет басшысы ауыл шаруашылығы және қаржы министрлігіне 2025 жылы асыл тұқымды жылқыны зерттеу иснтитутының толыққанды іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Біз кейінгі бес жыл ішінде жылқы шаруашылығына 4,9 млд теңге жұмсадық. Жылқы шаруашылығын ғылыми қолдаусыз дамыту мүмкін емесін білесіздер. Барлық ұсыныстарды тыңдауға дайынбыз", - ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Ал Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірде құрылған ғылыми-зерттеу институтының алдында үлкен жұмыс тұрғанын атап өтіп, оған қомақты қаржы бөлінетінін айтты.
"Ақтөбеде жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми зерттеу институты ресми түрде ашылды. Оған қомақты қаржы бөлінеді. Бүгінгі конференцияға осы саланы меңгерген ғалымдарымыз келіп отыр. Дұрыс бағыт беретініне сенеміз. Материалдық базасы, зерттеуге қажетті құрал-жабдықтар алынады. Алдымызда үлкен жұмыс тұр. Ішкі даму ғана емес, әлемдік нарыққа шығару сұрағы да маңызды", - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Айта кетейік, елімізде 4 млн-нан аса жылқы бар. Оның 46 мыңы ғана асыл тұқымды жылқы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2195124-aqtobede-qurylgan-zhylqy-sharuashylygyn-gylymi-zertteu-institutynyng-aldynda-qandai-mindetter-tur/