"Қазақтелеком" компаниясы филиалының бірнеше қызметкері жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталды
Жарияланған күні:
"Қазақтелеком" АҚ филиалы – Сервистік фабрикасының лауазымды адамдары "өкілетін асыра пайдаланды" деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Антикорға сілтеме жасап хабарлайды.
Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, осы мекеменің Жамбыл облыстық департаменті "Қазақтелеком" филиалы саналатын сервистік фабрикасының бірқатар лауазымды қызметкерлерінің үстінен қозғалған қылмыстық істі тергеп жатыр.
"Филиалдың бас директоры мен бірқатар қызметкерлері мемлекет мүддесіне қайшы және кәсіпкер үшін пайда табу мақсатында оған Тараз қаласындағы Қоғамның әкімшілік ғимаратын көрінеу төмен бағамен сатқан деп күдіктенеді. Олардың заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 450 млн теңгегеден астам сомаға материалдық залал келтірілді", - деп хабарлады агенттік.
Мекеме мәліметінше, зиянды өтеу мақсатында аталған нысан бұғатталған, ал күдіктілер қамауға алынған.
Агенттік күдіктілердің аты-жөнін атамады. Тергеу жүріп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қазан айында жемқорлықпен күрес агенттігі Қаржы министрлігі лауазымды тұлғаларының қылмыстық схемасынның жолын кескенін хабарлаған.
Шамамен екі ай бұрын "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының жемқорлыққа қарсы қызметі бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2195201-qazaqtelekom-kompaniiasy-filialynyng-birneshe-qyzmetkeri-zhemqorlyq-zhasady-degen-kudikpen-ustaldy/