"Көлігімді еркелетемін": 10 жыл троллейбус, кейін елордада автобус тізгіндеген келіншек туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Елордадағы №1 автобус паркінде қоғамдық көлікті тізгіндейтін 7 әйел бар. Солардың бірі – Назым Калиланова. Ол көлік жүргізуге бала кезден қызыққанын, әкесі, бауырлары, тіпті жұбайы да осы салады тер төгіп жүргенін айтты, "Хабар" арнасындағы "Оян" бағдарламасына берген сұқбатында.
Назым Калиланованың сөзінше, автобус тізгініндегі әйелді көргенде, бірі күдікпен, ал кейбірі таңданыспен қарайды. Ол өмірінің 12 жылын осы салаға арнаған. Назым 10 жыл Алматыда троллейбус тізгіндеген. Астанаға келіп, қоғамдық көлік жүргізгеніне бір жылдан астам уақыт болған.
13 жасынан бастап кондуктор болып қызмет еткен Назым Калиланованың үлкен көліктерді жүргізуге әуестігі бала кезден болған. Қазір ол елордада №55 автобусты тізгіндейді.
"Отбасымда бәрі көлік жүргізуші деп айтуға болады. Әкем де, әпкем де, екі ағам да – көлік жүргізушісі. Кішкентай кезімнен кондуктор болдым. Жүк көліктерін жүргізгім келетін. Әпкем екеуміз қатты қызықтық. Осы салаға келгеніме өкінбеймін", - дейді автобус жүргізушісі Назым Калиланова.
Бүгінгі таңда Назым Калиланова елордаға қоныс аударып, еңбек етіп, жұбайымен бірге 3 бала тәрбиелеп отыр.
"Жарыммен танысқаныма 12 жыл болды, троллейбус айдап жүріп таныстық. 3 баланы тәрбиелеп отырмыз. Үйде де, жұмыста да бәріне үлгереді. Сол үшін әйелімді мақтан тұтамын", -дейді жұбайы Нұржан Алимбеков.
Назым Калиланова автобусты күтіп ұстайтынын айтты. Тіпті, күнде көлігімен сөйлесіп, еркелетіп тұрады. "Темір болғанымен, оның да жаны бар" дейді.
"Ласточкам, красавицам" деп көлігімді еркелетемін. Сынбаса болды. Бұл аман болса, бізде жүре береміз. Халыққа қызмет етіп, жұмысымызды істейміз.Үйден кәлимамызды айтып шығамыз. Аман-есен халықты жеткізіп паркке келейік деп. Халықпен жұмыс істеген қызық қой",- дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2195280-koligimdi-erkeletemin-10-zhyl-trolleibus-keiin-elordada-avtobus-tizgindegen-aiel-turaly-ne-bilemiz/