Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақтың жігіттеріне ойланатын уақыт келді": мәжіліс депутаттары қыз алып қашу мәселесін көтерді

Жарияланған күні:

Мәжілістің жалпы отырысы
Мәжіліс. Көрнекі фото: parlam.kz

Бүгін мәжіліс отырысында депутаттар "Мәдениет туралы" заңды қарастыру аясында қыз балаларды алып қашу мәселесін көтерді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Сөз басын депутат Мұрат Әбенов алып, қазір қыз алып қашу теледидарда, әлеуметтік желілерде, тіпті, ән мәтіндерінде барынша насихатталып жүргенін, бірақ оған мәдениет саласы көз жұмып отырғанын айтты.

"Өткен аптада Астанада мен университет студенттерімен кездестім, олар бір мәселені көтерді: неге біздің мәдениет саласы, ақпарат саласы азаматтардың арасында заңды құрметтеу, заңбұзушылыққа төзімсіздік сынды шаралар өткізбейді. Олар маған бір видеоролик көрсетті – қызды алып қашқан, қасындағы біреу көндіріп отыр: "өз еркіммен келдім деп жаз" деп. TikTok-та жарияланған видеоны бәрі айтып, мазақ қылып жатыр. Нағыз заңбұзушылық, бірақ оған қарсы ешқандай әрекет жасамаймыз. Қыздар өздерінің құқықтары тапталып, ешкім қорғамайтынын айтып шағымданды. Ал біздің мәдениет саласы көз жұмып отыр.

Мәселен, белгілі әншілер сахнада, теледидарда былай деп ән шырқап жүр: "алып қашамын, мейлі, олай қалама, келін қыламын сені қалайда анама". Екінші әнші айтады: "көресін, үйіме барасың, басыңа аппақ орамал тағасың", "көндіремін, көнесің", "қыз болып келесің, келін боп қаласың". Міне, барлық жерде мәжбүрлеу, соны біз теледидардан насихаттап көрсетіп жатырмыз… Алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар – бұл мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық", - деді депутат.

Депутат сондай-ақ Қазақстанда қыз алып қашу жиілеп кеткенін дәлелдейтін қорқынышты статистикаға да назар аударды. Бір ғана Түркістан облысында сегіз айда мұндай 18 жағдай болған. Үш жылдың ішінде 214 қылмыстық іс қозғауға ұсыныс берілген, оның 10-ы ғана сотқа жеткен. Сонымен бірге, оның айтуынша, мемлекеттік органдардың бұл мәселені шешуге ешқандай құлқы жоқ.

"Менің ойым, үкімет осы салаға дұрыс қарамайды. Менің бірінші жіберген ұсынысымды жоққа шығарды… Барлық мемлекеттік органдар қарсы шықты. Тағы да ұсыныс білдіремін – Қылмыстық кодекстің 215-бабына қыз алып қашуға қатысты жеке жаза енгізу туралы… Барлық министрліктер, мәдениет министрлігі, білім министрлігі назар аударарлық жағдай", - деді Әбенов.

Депутат Еділ Жаңбыршин де әріптесін қолдап, өз ойын бөлісті.

"Бәріміз де қыз асырап отырмыз. Қазір етек алып кеткен жағдай. Себебі 21 ғасырда әке-шешесімен келіспей, қызбен келіспей, сөз байласпай, көшеден салып алып әкетеді. Ол тауар емес, адам ғой. Оның тағдырына әсер етеді. Бұл заңның аясында қаралатын нәрсе емес шығар. Бірақ парламент төрінде қоғамдағы кез келген мәселе талқылануы керектігін президент айтты. Жігіттерді түсінбеймін: қыз құлағымен, жігіт көзімен сүйеді. Қыздың көңілін таба алмайтын жігіт – не қылған жігіт ол? Көшеге барып, қызды бүктеп салып алу деген не? Біз дамыған қоғамда, жетілген қоғамда өмір сүрсек, мәдениетті жағдайға әкелу керек. Басқа ұлттың біреуі олай жасамайды. Жасап жүрген өзіміз. Еуропада, Ресейде оны естідіңіз бе? Үш қызым бар. Бәрінің алдынан өтіп, сөз байласып, құда түсіп алғанды бәріміз жақсы көреміз. Ал бұл қоғамдағы үлкен дерт", - деді Жаңбыршин.

Депутат қыз алып қашқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылу керектігін айтты. Ол бұған не себепті кейбір мемлекеттік органдар қарсы болып жүргенін түсінбейтінін айтты.

"Яғни, олар қолдап отыр. Балабақшадан бастап санаға сіңіреді. Қызды сыйлау, құрметтеу керек. Ол болашақ ана. Егер оны қорғамасақ, мемлекеттің болашағы да жоқ. Бұл күлетін, ойыншық емес. Мемлекеттің қауіпсіздігі болу керек. Қазақ қазақ болып отырғаны сол қыздарды, аналарды қорғай алғанынан. Оларды жесір етпей, жетімсіретпеу керек. Қазақтың жігіттеріне ойланатын уақыт келді. Сіздер қор болып жүрген қыздарды қорғаңыздар, қорламаңыздар", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2196057-barimiz-de-qyz-asyrap-otyrmyz-mazhilis-deputattary-qyz-alyp-qashu-maselesin-koterdi/