2025 жылы Алматы жолдарын орташа жөндеуге шамамен 36 миллиард теңге бөлінбек
Жарияланған күні:
Алматы қаласының 2025-2027 жылдарға арналған бюджетінің жобасына жол жөндеу және жаңа автобустар сатып алу енгізу жоспаралануда. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қалалық маслихатқа сілтеме жасап хабарлайды.
2025-2027 жылдарға арналған бюджеттің жобасы Алматы мәслихатының алдағы сессиясында қаралмақ. Бюджетте көлік инфрақұрылымын жетілдіру басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген.
"Алдын ала ақпарат бойынша, 2025 жылы 300 шақырым жолды орташа жөндеуге, 30 шақырым тротуарларды, аялдама қалталарын, алаңдарды және басқа да көлік құрылыстарын жаңартуға 35,8 миллиард теңге бөлінбек.
Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары жалғаспақ. 2025 жылғы бюджет жобасында газбен жүретін 600 автобус пен 200 электроавтобус сатып алу жоспарланып отыр", - делінген мәлімдемеде.
Қалаға қосылған аумақтарда да жол құрылысы қарқынды түрде жүргізілмек. Жоспарға сәйкес, "Жас Қанат," "Шұғыла," "Әлмерек," "Ақжар," "Рахат," "Мәдениет," "Боралдай" ықшамаудандарындағы жолдарды салу жалғасады.
Сонымен қатар 2025 жылы келесі маңызды жобаларды аяқтау көзделіп отыр:
- Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жол айрығының құрылысы;
- Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейінгі жол айрығы;
- Абай даңғылынан қала шекарасына дейінгі көлік инфрақұрылымын дамыту.
Аталмыш жобалар Алматының көлік қозғалысын жақсартуға және экологиялық жағдайды оңалтуға бағытталған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2196158-2025-zhyly-almaty-zholdaryn-ortasha-zhondeuge-shamamen-36-milliard-tengge-bolinbek/