Шымкентте түнде ойынханада жүрген жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды (видео)
Жарияланған күні:
Шымкентте полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін күнделікті түнгі рейд жүргізеді. Жыл басынан бері 7200 кәмелетке толмағандар беймезгіл уақытта үйден жырақта болған екен. Бұдан бөлек жеткіншектер 109 қылмыстық іс жасаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлі де азаймай тұрған көрсеткіш, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Кәмелетке толмаған жасөспірімге түнгі сағат 22:00-ден ауғаннан кейін ойын-сауық орындарында заңды өкілінсіз жүруге болмайды. Себебі жай ескерту емес, бірден шара қолданылады. Ал жақында жүргізілген рейд барысында қаладағы компьютерлік клубтардың бірінде заңға сай болмаған бірқатар жасөспірім анықталды.
"Жасым 17-де. Бірінші курс студентімін. Шынымды айтсам, бұл уақытта ойынханада жүрмеу керек екенін білмедім", - дейді кәмелетке толмаған жасөспірімдердің бірі.
Кешкі уақытта жасөспірімдерді жолатпауы керек болған мекеме кіреберісінде арнаулы тыйымдар көрсетілген кесте де ілінбеген. Тиісінше полиция қызметкерлері тақтайша бойынша ескерту жасады. Және заңбұзушылыққа жол берген ойынхана қызметкеріне әкімшілік шара қолданып, айыппұл салды. Өз кезегінде оператор бұған дейін тәртіпті сақтап жүргенін алға тартып, бұл жолы аңғармай ағаттық жібердім дейді.
"Мен алдыма келгендерден міндетті түрде сұраймын, тексеремін. Жасөспірімді көрген жоқпын, чекті достары келіп алған болуы керек. Жеке кассаға алдыма келген жоқ. Ескерткеннен бұрын тексереміз, 22:00 ден кейін отыруға болмайды. 21:30-дан бастап кіргендерді тексере береміз", - деді қызметкер.
Жасөспірімдердің ата-анасы шақыртылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері жүргізілген рейд нәтижесінде Шымкентте 7200 жасөспірім беймезгіл уақытта үйден жырақ жүрген екен. Олардың 553-і ойын-сауықтан ұсталыпты. Ал бей-берекет көше кезген 500-ден астам кәмелетке толмаған бала бейімдеу орталығына жөнелтілген.
Жалпы биыл жасөспірімдер қылмысы өткен жылмен салыстырғанда азаймаған. Мамандардың айтуынша, кәмелетке толмағандар көбіне ұрлық қылмысына барады. Әсіресе қараусыз қалған заттарды қолды етуге құмар болған. Оның ішінде мопед және телефонды ұрлау әрекеттері өршіп тұр дейді, жауаптылар.
"Ойын-сауық мекемелерінде жүргені үшін ата-аналарына 3 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады. Ал түнгі сағат 23:00 ден кейін заңды өкілінсіз жүретін болса, кодекстің талабына сәйкес бірінші тарапта ескерту жасалынады", - деді Шымкент қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Ерғали Сүлейменов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2196284-shymkentte-tunde-oiynhanada-zhurgen-zhasospirimning-ata-anasy-zhauapqa-tartyldy-video/