"Үстімнен арыз жазады": Қарағанды тұрғыны алаяқ еместігін бірнеше жыл бойы дәлелдеумен жүр (видео)
Жарияланған күні:
Қарағанды қаласының тұрғыны алаяқ еместігін бірнеше жыл бойы дәлелдеуге мәжбүр. Максим Наумкин автокөлігін сатқаннан кейін осындай айыптауларға ұрынған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Астана" телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Бес жыл бұрын Максим Наумкин автокөлігін сататын болып, оған қызыққан адамдардың біріне сурет жібереді. Ол алаяқ болып шығады. Содан бері алаяқ бірнеше жыл бойы Наумкиннің атын жамылып, адамдарды алдауға, солардан көп ақша алуға кіріскен.
"Мен көлігімді "Колеса" сайтында сататын болдым. Маған өзін Шымкенттенмін деп таныстырған бір адам хабарласып, көлікті алғысы, алғашқы пұлын төлегісі келетінін айтты. Ол менен жеке куәлігімді, карта нөмірін, ақша күтіп отырғанымды растайтын видео немесе сурет сұратты", - дейді Максим.
Ол барлық дерлік талапты орындаған, бірақ банк картасының екінші жағындағы үш таңбалы кодты бермеген. Алаяқ екенін кеш түсінген ол жазбалардың бәрін өшірген, алайда киберқылмыскер мәліметтерді алып үлгерген.
Қарағанды тұрғынының айтуынша, содан бері алаяқтар оның атынан сайттарға арзан автокөлік сатылатыны туралы жарнама бере бастаған. Сатып алушылардан алғашқы сомасын сұрап алып жүреді. Ал алданып қалған адамдар Наумкинге ақша талап етуге келеді.
"Менің бет-әлпетімді есте сақтаңыз. Алаяқтар менің атымнан көлікті саудаға шығарып, сатып жүр. Бірақ онда менім нөмірім емес. Адамдар ақшаны маған емес, алаяқтарға жолдап жатыр. Алаяқтар жоғалып кетеді, ал адамдар мені іздеп келеді, үстімнен арыз жазады", - деп шағымданды қарағандылық.
Полициядағылар талай рет тексеріп, Наумкиннің кінәлі еместігін анықтаған. Ақша алмаған, көлік сатпаған. Алайда алаяқтарды іздеп табу қиын, әдетте олар шетелде отырады.
"Максим Наумкин алаяқтарға ұрынып қалған, құжаттарын соларға беріп қойған. Кейін алаяқтар оның құжаттар пайдаланып, басқа адамдарды алдай бастаған. Максимнің өзі ақша алмаған. Біз ақша операцияларын тексердік. Ақша шетелге кетіп отырған. Әрі қарай оның ізін табу қиын", - дейді полициядағылар.
Полиция кейінгі уақытта аймақта осыған ұқсас оқиғалар көбейгенін айтып отыр. Жыл басынан бері алаяқтар бір жарым мың адамды шамамен 4 миллиард теңгеге алдаған. Полиция азаматтарға жеке мәліметтерді өзге адамға беруге болмайтынын ескертеді.
Бұған дейін Алматыда бір топ адам блогерге алданданғанын айтып, полцияға барғанын жазғанбыз.
Биыл жазда Ақтөбе тұрғыны алаяқтардың қоңырауына жауап беріп, 2 миллион теңгеге жуық ақшасынан айырылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2196374-ustimnen-aryz-zhazady-qaragandy-turgyny-alaiaq-emestigin-birneshe-zhyl-boiy-daleldeumen-zhur-video/