Талғарда ұйымдасқан қылмыстық топ бар ма: Алматы облысының әкімі жауап берді
Жарияланған күні:
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Астанада жыл қорытындысына арналған брифингте Талғардағы қылмыстық топ бар ма деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Марат Сұлтанғазиевтің пікірінше, жасөспірім Шерзат Болаттың өлімі бүкіл елдің назарын Талғарға аударды.
"Қылмыс жағдайына қатысты құқық қорғау органдары жауап берді. Ұйымдасқан қылмыстық топқа айналу үшін белгілі бір мүддені көздейтін адамдар тобы болуы керек, алайда құқық қорғау органдары ондай топ жоқ деп отыр. Осы өңірдің әкімі, тұрғыны, осында туып өскен азаматы ретінде айтарым, заң сипаттасына сай келетін ұйымдасқан қылмыстық топ мұнда шынымен жоқ. Құқық қорғау органдары да соны растап отыр", - деп мәлімдеді өңір әкімі.
Сұлтанғазиевтің айтуынша, Талғарда 250 мыңнан аса адам тұрады.
"Әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталар болсақ, айтарлықтай жетістігі бар қала. Талғар ауданы облыстың ғана емес, бүкіл елдегі ең жақсы дамыған аудандардың бірі. Мысалы, өнеркәсіп 11 пайызға өскен, инвестиция көлемі 44 пайыз. Бюджетіне тоқталсақ, салықтан жиналатын қаражат кейінгі жылдары үш есе өсті. Жалпы алғанда, аудан жақсы дамып келе жатыр. Осының бәрі жергілікті тұрғындардың арқасы", - деп топшылады облыс әкімі.
Айта кетсек, бұған дейін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікір білдірген.
Бүгін, 13 желтоқсанда, Алматы облысының прокуратурасы марқұм Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша мәлімдеме таратқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2200203-talgarda-uiymdasqan-qylmystyq-top-bar-ma-almaty-oblysynyng-akimi-zhauap-berdi/